"Палестинадағы соғыстан зардап шеккен халыққа көмек береміз" деген ниетпен Қазақстан халқы жинаған 200 млн теңге із-түссіз жоғалған. Қомақты қаржы белгілі блогер әрі қоғам белсендісі Перизат Қайрат басқаратын қайырымдылық қорына сеніп тапсырылғанымен, діттеген жеріне жетпегені белгілі болды. Asar-Ume қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев YouTube-тегі TalkLike жобасында осы мәселеге қатысты бұрын жарияланбаған жайттардың бетін ашып, оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Asar-Ume қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев Палестинадағы халыққа көмектескісі келетін ел азаматтарының өтінішінен кейін қор қызметкерлері мен құрылтайшыларын жинап, кеңес өткізгенін айтады. Кеңесте бұл іске тәжірибелері жоқ екені, сондықтан көмекті межелі жерге жеткізу үшін сенімді серіктес табу керектігі сөз болады. Осы кезде әлеуметтік желіде белсенділігімен танымал болған волонтер Перизат Қайрат байланысқа шығып, өз қорының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі арнайы гуманитарлық хабта аккредитациясы бар екенін айтып сендірген.
Асхат Нұрмашевтің айтуынша, Asar-Ume қоры бір ай бойы Перизат Қайраттың мәлімдемесін мұқият тексерген. Перизат оларды БАӘ мен Палестина елшіліктерінің өкілдерімен таныстырып, Газа секторына жеткізілетін көмекті ұйымдастыруға толық мүмкіндігі бар екеніне иландырған.
2023 жылдың 10 қарашасында қор ресми түрде халықтан қаржы жинауды бастап, нәтижесінде 293 миллион теңге жиналады. Көмекті Газа секторына жіберу үшін Перизат Қайратпен ресми келісімшарт жасалып, 200 млн теңге оның шотына аударылған. Келісімшартқа сай Перизат Қайрат желтоқсан айында атқарылған жұмыс бойынша толық есеп беруге міндеттелген. Алайда есепті олар сол күйі көрмеген.
Асхат Нұрмашевтің айтуынша, қор Перизат Қайраттан есеп беруді талап етіп, ресми хат жолдаған. Бұған жауап ретінде Перизат мөр басылған, бірақ нақты дәлелдері жоқ, үстірт бір қағазды ұсынған. Қор оны қабылдаудан бас тартып, ақпан айында нақты қаржы аударымдарының түбіртектері мен растайтын құжаттарды талап етеді.
Ақырында Перизат ақпан айында тиісті қаржылық құжаттарды ұсынғаннан кейін ғана мәселе шешілгендей көрінеді. Бірақ, тергеу барысында бұл құжаттардың барлығы жалған екені белгілі болған. Асхат Нұрмашев бұдан сот барысында бір-ақ хабардар болады.
"Шын мәнінде, 200 млн теңгеден ештеңе түспеген, бәлкім 200 доллардай ғана аударылған шығар. Ал біз қолға тиген есеп дұрыс деп жүрдік. Перизат бізден қалған 93 млн теңгені де аударуды талап етті. Біз оған есепті толық қабылдамай, ақшаны бермейтінімізді нақты айттық. Кейін өзіміз елшілік өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, қаржыны сол арқылы Палестинаға аудардық", – дейді Асхат Нұрмашев.
Оның айтуынша, дәл сол уақытта елшілікке белгісіз біреулер "Asar-Ume қоры халықтан жиналған ақшаны өз қалталарына басып алды" деген жалған ақпарат тарата бастаған. Асхат Нұрмашев мұны Перизат Қайраттың айналасындағы адамдардан көреді.
Қазіргі таңда сот тергеуі әлі жүріп жатыр. Нұрмашевтің айтуынша, ол халықтың аманатына қиянат жасалғанына, осынша уақыт бойы алданғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Бірақ, шындықтың беті ашылған сайын, бұл іске қатысты күмәні қалмағанын да мойындайды.