Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға не үшін барды - саясаттанушылар пікірі

Dalanews 29 июл. 2025 10:18

Кеше түнде Қазақстан Президенті Түркияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Анкара қаласының "Есенбоға" әуежайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі арнайы қарсы алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әуежайда екі ел президенттері аз-кем әңгімелесті

"Қонақжайлық танытқаныңызға көп рақмет. Әуежайға келіп, мені қарсы алдыңыз. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Біздің арамызда ешқандай түйткіл жоқ. Бізді тек туыстық, ынтымақтастық байланыстырады. Ертең маңызды сапар болады. Сапардың бағдарламасы өте мазмұнды. Оны толық іске асырамыз деп ойлаймын", – деп Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіреді.

Ал бүгін, яғни 29 шілде күні мемлекеттер басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту перспективасын талқылап, келіссөз жүргізеді.

Жалпы, қос ел президенттері нендей келіссөздер жүргізуі мүмкін, бұл кездесудің мәні мен мағынасы неде? Бұл ретте саясаттанушылардың "Хабар" арнасына берген жауабын алға тарта кетелік.

Бауыржан Тұрлыбеков, Экономикалық зерттеулер институтының сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры:

"Келіссөздер барысында Қазақстан, Грузия, Әзірбайжан және Түркия арқылы Еуропаны Қытаймен байланыстыратын орта дәлізге қатысты мәселе талқылануы тиіс. Қазақстан аталған қан тамыры жүйесінің 11 мың шақырымы бойында аса маңызды рөл атқарады, ал Түркия ол арқылы Карс пен Ыстамбұл порттарын қамтамасыз етеді. Түрік сарапшыларының пікірінше, Транскаспий маршруты бүкіл аймақтың экономикалық жақындығының негізі болып табылады. Болашақта ол Шығыс пен Батысты байланыстырушы басты жолдардың біріне айналуы мүмкін. Сондықтан оны даму жайы көшбасшылардың келіссөздерінде міндетті түрде айтылады деп ойлаймын".

Джемила Кынажы Баран, Түркі әлемін зерттеу орталығының жетекшісі:

"Бұл тек Шығыс пен Батыс арасында жатқан жол емес. Ол - түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы үшін жаңа көкжиектер ашатын мүмкіндіктер дәлізі. Алдағы жылдары ол Еуразияның ең ірі экономикалық жолдарының біріне айналатынына сенімдіміз. Бүгінгі таңда аталған бағыттың дамуы Түркия мен Қазақстан арасындағы диалогта маңызды орын алады. Транзит пен саудадан басқа, туризм және онымен бірге цифрлық және креативті экономика сынды болашақтың салалары үлкен рөл атқара бастайды".

Бауыржан Аукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:

- Менің ойымша, біздің елдеріміз цифрлық экономика, креативті экономика сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуі керек және бұл бірінші кезекте Қазақстанға адами әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді, өйткені Қазақстанның адами әлеуеті өте зор екенін білеміз. Диалог тек үкіметтік ғана емес, парламенттер деңгейінде де қатар жүреді. Жақында Қазақстан мен Түркия парламентаралық қатынастарды нығайтуға келісті. Ал бұл маңызды бастамалар талқыланатын тағы бір арна. Өйткені, саяси негіз неғұрлым күшті болса, бірлескен жобаларды іске қосу оңайырақ болады. Ал екі мемлекет басшыларының талқы тақырыптары әрқашан аймақтық қауіпсіздік, экономика және түркі әлемінің дамуын айналып өтпесі белгілі. Екіжақты оқиғалар, екіжақты қатынастар ғана емес, халықаралық, дәлірек айтсақ, халықаралық ахуал, қазіргі қақтығыстар және т.б. мәселелер де талқыланатын болады. Мемлекет басшысының сапары қазіргі уақытта Қазақстан және Қазақстанның одан әрі дамуы үшін өте маңызды деп санаймын. Қазақстан мен Түркия арасындағы диалог - кең ауқымды өңірлік мәселелерді қамтитын күн тәртібінің бір бөлігі. Соңғы жылдары бұл үдерісте түркі мемлекеттерінің ұйымы маңызды рөл атқарып келеді.  Оның қызметі гуманитарлық ынтымақтастық шеңберінен асып, стратегиялық бағыттарды да қамтуда.

 Джемила Кынажы Баран, Түркі әлемін зерттеу орталығының жетекшісі:

Мұнда қауіпсіздікке, экономикаға, энергетикаға қатысты жалпы тәсілдер әзірленуде. Бұл үдерісте Қазақстан мен Түркия басқа қатысушы елдерден қолдау табатын идеялар мен шешімдерді ұсына отырып, шешуші рөл атқарады. Біздің көз алдымызда өзара сыйластық пен ортақ болашаққа ұмтылуға негізделген жаңа күш орталығы - Түркі әлемі қалыптасып жатқанын көре аламыз.

Ал ресейлік саясаттанушы Александр Дубнов бұл сапар Түркия тарапының бастамасымен ұйымдастырылған деп санайды. Өйткені, оның пікірінше, Ердоған бүгіндері саяси және халықаралық дағдарысқа тап келуде.

"Сондықтан оған Түркі мемлекеттер ұйымының басты өкілдерінің бірі – Қазақстан президенті тарапынан қолдау ауадай қажет. Олар екіжақты ғана емес, сонымен қатар Таяу Шығыстан бастап посткеңестік кеңістікті қамтитын кең спектрлі мәселелерді де талқылай алады. Қалай дегенмен де Түркия үшін Қазақстанның қолдауы тек символикалық ғана емес, саяси сипатқа да ие", - дейді ол.

Саясат пен экономикадан басқа, гуманитарлық өзара іс-қимылдың маңызы артып келеді. Бүгіндері қазақстандық авторлардың жүзден астам шығармасы түрік тіліне аударылған. Ал түрік қалаларының көшелерінде қазақстандық қайраткерлердің атымен аталатын мектептер, мәдени орталықтар мен саябақтарды кездестіруге болады.

 


Рекомендовать
Последние новости