Инклюзия: Әр бала – қоғамның толыққанды мүшесі

Ақтоты Жапатова 28 июл. 2025 20:46

Инклюзия – бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамның барлық саласына тең құқықпен араластыру үдерісі. Ол тек пандустар қою немесе арнайы сыныптармен ғана шектелмейді. Бұл – адамның қадір-қасиетіне құрмет көрсету, баршаға ортақ құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Яғни, оқуға, жұмыс істеуге, мәдени өмірге араласуға жағдай жасау,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Инклюзия қағидатына сәйкес, мәселе адамның мүмкіндігінде емес, оны шектейтін қоршаған ортада. Мысалы, ерекше қажеттілігі бар балаға бейімделмеген мектеп – инклюзивті емес орта болып есептеледі.

Инклюзия ұғымы тек білім беру аясымен шектелмейді. Ол қоғамның барлық саласында қолданылады:

  • Білім беру: Ерекше қажеттілігі бар балалар жалпы білім беретін мектептерде оқып, білім алады. Бұл – балаға өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.

  • Жұмыспен қамту: Бірқатар компаниялар ерекше жандарды жұмысқа тартып, бейімделген жұмыс ортасын ұсынады.

  • Мәдениет және демалыс: Мұражайлар, театрлар мен көрмелерде пандустар, сурдоаударма, аутизм спектріндегі адамдарға арналған арнайы бағдарламалар енгізеді.

Нағыз инклюзивті қоғам мынадай қағидаттарға сүйенеді:

  • Адамның қадір-қасиетіне құрмет;

  • Дискриминацияны болдырмау;

  • Қоғам өміріне тең араласу;

  • Әртүрлілікті қабылдау;

  • Баршаға тең мүмкіндік беру.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты халық арасында кең тараған стереотиптер

Ерекше қажеттіліктері бар балалар қоғамда әлі күнге дейін түрлі қате пікірлер мен түсінбеушілікке тап болады.

1-стереотип: Ерекше балалар жалпы мектепте білім ала алмайды. Бұл қате пікір. Дұрыс қолдау болған жағдайда олар бағдарламаны өз деңгейінде меңгере алады.

2-стереотип: Мүмкіндігі шектеулі бала болашақта жұмыс істей алмайды, тәуелсіз өмір сүре алмайды. Бұл көбінесе ерте жастан әлеуметтену мен қоғамның қолдауына байланысты. Қолайлы орта мен сенім білдіру – баланың өз әлеуетін толық ашуына жол ашады.

3-стереотип: Инклюзия өзге оқушыларға кедергі келтіреді. Мысалы, ЮНЕСКО-ның 2021 жылғы «Білім беру мониторингі жөніндегі дүниежүзілік баяндамасына» сәйкес, инклюзивті сыныптарда оқитын балалар эмпатия, төзімділік және оқу үлгерімі бойынша жоғары нәтижелер көрсеткен.

Қазақстанда инклюзия қалай дамып жатыр?

2024 жылы Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асқан. Бұл барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді дамытудың өзектілігін айқын көрсетеді.

Осыны ескере отырып, еліміздің Білім министрлігі инклюзивті білім беру саласын жүйелі дамытуға көшті. Алғаш рет арнайы Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылды.

Министрдің айтуынша, 2023 жылы үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми қауымдастықпен бірлесіп үлкен жұмыс атқарылған. Нәтижесінде:

  • 15 жаңа нормативтік-құқықтық акт қабылданды;

  • Балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үлгісі енгізілді;

  • Қолдау кабинеттеріне арналған жаңа стандарттар бекітілді;

  • Педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші сияқты жаңа лауазымдар пайда болды.

Бұл реформалар бала дүниеге келген сәттен бастап білім алып, мамандық игергенге дейін үздіксіз қолдау көрсету жүйесін қалыптастырады.

Инклюзия – бұл жай ғана әлеуметтік бағдарлама емес. Бұл – қоғамның кемелденуге ұмтылған белгісі. Әр бала – қоғамның тең құқықты мүшесі. Олардың әлеуетін дамыту – тек отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.


Рекомендовать
Последние новости