Цифрлық және креативті индустрияларға қызығушылық танытқан жастар үшін жаңа мүмкіндік

Ақтоты Жапатова 28 июл. 2025 19:49

Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту бағытында нақты әрі жүйелі қадамдар жасалып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ саласында жоғары білікті кадр даярлау мен қолдауға баса назар аударуды тапсырған болатын. 2025 жылдың қазан айында Астанада Орталық Азиядағы алғашқы халықаралық TUMO білім беру орталығы ашылады. Бұл орталық – 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған заманауи әрі тегін оқыту кеңістігі болмақ. Жоба Astana Hub пен армениялық TUMO ұйымының бірлескен серіктестігі аясында жүзеге асырылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

TUMO Astana бағдарламасы әлемдік деңгейде мойындалған білім беру моделіне негізделген. Бағдарлама 11 бағытты қамтиды, олардың қатарында генеративті жасанды интеллект (ЖИ), ойын әзірлеу, анимация, киноөндіріс, 3D модельдеу, робототехника, графикалық және моушн-дизайн, программалау, музыкалық композиция және веб-әзірлеу бар.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев бұл орталықтың ашылуын Қазақстанның ғаламдық білім беру экожүйесіне интеграциялануына жасалған маңызды қадам деп атап өтті.

"TUMO — цифрлық болашаққа дайын болғысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл – қазақстандық оқушылардың әлеуетін ашуға бағытталған бастама", — деді ол.

Жаңа білім беру орталығы Астанадағы Alem.ai жасанды интеллект орталығы ғимаратында орналасады. Бұл нысан – Қазақстанды ЖИ технологияларын енгізуде аймақтық көшбасшы етуге бағытталған стратегиялық жобалардың бірі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai орталығына 2024 жылдың соңында арнайы барып, жобаның маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы жасанды интеллектке негізделген шешімдерді барлық салаға енгізуді жеделдетуді тапсырған болатын.

Қазіргі таңда Қазақстан әлеуметтік қорғау, экология, төтенше жағдайлар мен өнеркәсіп салаларында үлкен деректер мен ЖИ арқылы шешім қабылдауды бастап кетті.

Еске салайық, TUMO білім беру орталығы алғаш рет 2011 жылы Ереванда ашылып, бүгінде әлемнің жеті елінде 18 орталыққа дейін кеңейді. Жалпы 80 мыңнан астам жасөспірім бұл бағдарламадан өтіп, заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйренді.

TUMO Astana – Қазақстанда жастардың цифрлық және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған нақты қадам. Бұл орталық ЖИ мен технологиялар дәуіріне бейімделген жаңа буын мамандарын дайындауға ықпал етеді. Сонымен қатар, елдің креативті индустриялар мен ІТ саласындағы адами капиталын нығайтатын маңызды платформа болмақ.


Рекомендовать
Последние новости