Алматы облысында жоғалып кеткен әскери ұшақта отырған экипаж мүшесінің жақындары қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
25 шілде күні Алматы облысындағы Сорбұлақ маңында ЕС-145 әскери тікұшағы үш экипаж мүшесімен бірге жоғалып кетті.
"Олардың қатарында біз үшін аса жақын әрі қадірлі адам бар. Біз, Бегімовтер әулеті, экипаж мүшесі Ержігітов Бахтиярдың туыстарымыз. Мен, Бегімова Гүлден, бүкіл отбасымыздың атынан осы қайғылы жағдайға қоғам мен ресми органдардың назарын аударуға шын жүректен өтініш білдіремін. Тікұшақтың жоғалғанына біраз уақыт өтті, алайда осы күнге дейін отбасымызға нақты мәлімет те, ресми түсініктеме де берілген жоқ. Біз әр минутты уайыммен өткізіп жатырмыз", - дейді Гүлден Бегімова.
Оның сөзінше, экипаж мүшелерінің туыстары қазіргі уақытта мүлдем бейхабар отыр.
"Жоғалған азаматтарды үйде балалар, ата-аналар, жұбайлары күтіп отыр. Біз іздестіру аймағында не болып жатқанын, қандай нәтиже барын, олардың аман-есен екенін білмейміз. Сізден (блогер Тәңірберген Бердоңғаровтан) ел алдында беделі бар, азаматтық ұстанымы бар адам ретінде осы мәселені жария түрде көтеріп, болған жағдайды жариялауға жәрдем беруді сұраймыз. Біз мүмкін еместі сұрап отырған жоқпыз, тек шындықты білгіміз келеді. Сіздің қолдауыңызбен біздің даусымыз естіледі деп сенеміз", - дейді видео авторы.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.