Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) баспасөз қызметі кәсіпорынның бас директоры Ғалымжан Жусанбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ulysmedia Telegram-арнасында және басқа да дереккөздерде Атырау мұнай өңдеу зауытының басшысы Ғалымжан Жусанбаевқа қатысты қылмыстық тергеу басталды деген ақпаратқа байланысты ресми түрде мәлімдеме жасаймыз. Бұл ақпараттар шындыққа жанаспайды және жалған”, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта “АМӨЗ” ЖШС және оның басшылығына құқық қорғау органдарынан ешқандай ресми хабарлама немесе сұрау келіп түспегені айтылған.
“Қылмыстық тергеу жүріп жатыр деген ақпарат – зауыт пен оның қызметкерлерінің беделін түсіруге бағытталған алып-қашпа әңгіме”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде АМӨЗ-дегі жағдайға қатысты шағымдар жарияланған болатын. Мұнда зауыт басшысы қызметін атқарған Ғалымжан Жусанбаев әртүрлі заңбұзушылық жасады деп айыпталған. “ҚазМұнайГаз” бұл мәселені зерттеу үшін зауытқа арнайы комиссия жіберуге уәде берген. Нәтижесінде, Жусанбаев пен зауыттың бас инженері Әділет Шошанбасов өз лауазымдарынан босатылған.
27 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі АМӨЗ басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Кейінірек Жусанбаев кәсіпорында саботаж болғанын айтып, өзі туралы арыздағы мәліметтерді жоққа шығарды.
Сөйтіп 2024 жылдың маусымында Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директоры сот шешімімен жұмысына қайта оралды.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың құқығы қорғалды.
"Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Ж.-ның қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысының хаттамасын, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың жарамсыз деп тану, бас директор лауазымын қалпына келтіру, мәжбүрлі жұмыстан шығу уақыты үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты талабын қарады. Талап қою еңбек шартының сынақ мерзімінде және қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде бұзылуымен негізделді. Сотпен еңбек шартының талаптары бойынша талапкерге 6 ай сынақ мерзімі белгіленгені, алайда шарт 1 ай өткеннен кейін бұзылғаны анықталды. Осы құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасы қолданылады", -деп хабарлады соттан.
Еңбек кодексінің 36-бабына сәйкес, еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін.
Осы кодекстің 37-бабына сәйкес, жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы теріс нәтиже берген кезде жұмыс беруші оған еңбек шартын бұзуға негіз болған себептер көрсетілген хабарлама беріп, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.
"Бұл жағдайда қызметкер сынақ мерзімінде жұмыстың теріс нәтижесі болмасада ешқандай себепсіз жұмыстан босатылды. Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Сот жауапкермен қызметкердің сынақ мерзіміндегі біліктілігіне сәйкес еместігі дәлелденбегендіктен талапкердің құқықтары бұзылған деп таныды. Еңбек шарты жұмыстан шығару рәсімін бұза отырып күшін жойған. Еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану, Ж.-ның бас директор лауазымын қалпына келтіру туралы шешім шығарылды. Мәжбүрлі жұмысқа келмегені үшін жалақысы және 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу өндірілді", -деп мәлім етті соттан.