Жетісудың кәсіпкерлері көп балалы екі отбасы баспана сыйлады

Dalanews 25 апр. 2019 08:55 851

Алматы облысында жеке кәсіпкерлер көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды қуантуды жалғастыруда. Кербұлақ ауданында наурыз мерекесі қарсаңында бастау алған қайырымды іс-шара жалғасын тауып, тағы да көп балалы 2 бірдей отбасы үйлі болды.

Баспананың бірін  Қоғалы ауылдық округінің «Ақмарал» жеке шаруа қожалығының басшысы Болат Бұраханов өз атынан жомарттық танытып, көп балалы ана Айнұр Қыстаубаеваға 4 бөлмелі үй сыйлады.

– Балаларымның арманы орындалды, біз үшін баспана басты мәселе ғой.  Осы уақытқа дейін бес баламен үйсіз, пәтер ден пәтерге көшіп жүргенмін. Осындай жомарт жандардың жақсылығының арқасында, енді міне өзіміздің шаңырағымыз бар. Мен өте қуаныштымын, – дейді жаңа баспана иесі.

Дәл осындай қуанышқа Көксу ауылының тұрғыны, алты бірдей баланың анасы Меруерт Доланбекова кенелді.

«Абыхан» жеке шаруа қожалығының басшысы Серік Абықанов 4 бөлмелі үйді өзі сатып алып, анаға сыйға тартты.

– Ауданымызда көп балалы аналар саны аз емес, солардын бірі алты баланың анасына үйдің кілтін табыстап отырмын. Өңірімізде басталған мұндай қайырымдылықтар әрі қарай жалғасын тауып, қазақтың әр-бір батыр аналарының көңілі тоқ болсын, – дейді жеке кәсіпкер.

Қуаныштары қойнына сыймаған аналар мейірімді жандарға  шексіз алғыстарын жеткізіп, жанарларына жас алды.

 

Меруерт МАХМҰТЖАН

Рекомендовать
Последние новости