Жетісуда Білім күнінде 6 мектеп есігін айқара ашты

Dalanews 01 сент. 2021 12:04 1227

Алматы облысында Білім күні мерекесінде 6 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның 4-уі халқы көп Іле, Қарасай аудандарда қолдануға берілсе, 2-і Панфилов және Ескелді аудандарда пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша Іле ауданында бірден 900, 600 және 300 орынды 3 мектеп 1 қыркүйек күні Қараой, Қосөзен және Боралдай ауылдарында ашылды. Ауылдастарын қуанышты жаңалықпен облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов және аудан әкімі Бағдат Қарасаев құттықтады.

Жаңадан қолданысқа берілген 1600-ден астам бала оқитын үш жаңа мектепте 147 педагог жұмыс істейді. Оқу үшін барлық жағдай жасалған. Модификациялық кабинеттер, акт және спорт залдары, лингофон және әдістемелік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, шеберханалар, асханалар, оқу залдары бар кітапханалар және басқасы.

900 орынға арналған мектептің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Батыржан Байжұманов:

– Президентінің тапсырмасына сәйкес облыс мектептерінде оқу процесі санитарлық шектеулерді сақтай отырып және «бір сынып – бір кабинет» жүйесі бойынша дәстүрлі форматта жүргізілетін болады. Облыста 438 мың оқушы қайтадан партаға отырады. Қазір білім сапасын арттыру үшін белсенді жұмыс істеу өте маңызды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осы мақсатта барлық жағдай жасалған. Жаңа мектептер салынуда, күрделі жөндеу жүргізілуде, материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бүгінде ашылып жатқан жаңа мектептер заманауи білім беру орталықтарына айналады деп сенемін. Облыс әкімінің атынан баршаңызды Білім күнімен құттықтаймын. Оқушыларға, олардың ата-аналарына және ұстаздарына зор денсаулық және жаңа оқу жылында табыс тілеймін, – деді.

Сондай-ақ Білім күні 450 орынға арналған алма-матер Қарасай ауданына қарасты Батан ауылында пайдалануға берілді. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев атап өткендей, бүгінгі таңда аудан мектептерінде 72 мыңнан астам оқушы білім алуда. Бұл былтырғы оқу жылымен салыстарғанда 6 мыңға көп.

– Аудан халқы тығыз орналасқандықтан, мектеп құрылысы – бұл үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған үлкен әлеуметтік маңызы бар оқиға. Қазір Қарасай ауданында 4100 орынға арналған 3 мектеп салынуда, оның ішінде «Асыл арман» шағын ауданында. Сондай-ақ, 1800 орындық мектептерге 3 қосымша құрылыс нысаны салынуда. Сонымен қатар, тағы 3 жаңа мектептің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда, – деді Ж.Далбағаев.

Ескелді ауданына қарасты Абай ауылында 180 орынды 25 балаға арналған шағын орталығы бар жаңа мектеп қолданысқа берілді. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Талас-Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Ауыл тұрғындарын қуанышымен аудан әкімі Рустам Али құттықтады.

Онлайн-режимде оқуға қарамастан, Ескелді ауданы үшін өткен оқу жылы өте сәтті өтті. ҰБТ тапсырған 360 түлектің 190-ы отандық жетекші жоғары оқу орындарында грант иегері атанса, тағы 8-і облыс әкімінің грантына ие болды. Ал 35-і шетелде тегін оқиды. Жалпы ауданда өткен жылдың қорытындысы бойынша үлгерім деңгейі 61 пайыздан асты.

Естеріңізге сала кетейік, Панфилов ауданында мектеп Конституция күні салтанатты түрде ашылған еді.

Алматы облысында барлығы 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 10-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал 6-ы білім күнінде қолдануға берілді. Облыстың барлық мектептері «Ashyq» жобасында тіркелген, педагогтар мен мектеп ұжымы вакцинацияланды. Бірінші сыныпқа 47 мыңға жуық бала барды. Жалпы оқушылар саны 438 мыңға жетті.

 

Рекомендовать
Последние новости