Талдықорғанда студенттерге арналған бассейн іске қосылды

Dalanews 09 сент. 2021 11:56 852

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері енді өз бассейндерінде жүзіп үйренетін болады. Жаңа гидротехнологиялық нысан университет қаржысына салынды. Салтанатты ашылу шарасына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, ЖОО ректоры Қуат Баймырзаев қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Жақында Талдықорған қаласында олимпиадалық үлгідегі жабық бассейн ашылған еді. Жаттығуға 3 мыңнан аса бала жазылып, мыңнан астамы жүзу үйірмесінде дайындалуда. Жаттықтырушылар құрамын кеңейту жағы қарастырылуда. Елбасы тапсырмасы аясында аймақта 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолдануға берілді. Тағы төртеуінің және 150 воркаут-нысан құрылысы жүргізілуде. Бүгін, міне, студенттерге арналған жүзу бассейні пайдалануға берілді. Бассейн бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынды, – деп атап өтті Батыржан Байжұманов. Ол университет басшылығына оқу сапасының жоғарылығы, оқу ғимаратының материалдық-техникалық базасының жаңарту бағытындағы жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Батыржан Байжұманов, сондай-ақ, бүгінде университет қабырғасында 6 мыңнан астам студент білім алып жатқанын жеткізді. Оның 450-і облыс әкімі грантының иегері.

Өз кезегінде университет ректоры Қуат Баймырзаев облыс әкімінің қолдауының арқасында салынған студенттерге арналған заманауи жатақхананың арқасында Жетісу университеті республика бойынша студенттерді әлеуметтік қамту бойынша бірінші орын иеленгенін айтты. Сондай-ақ ол облыс әкіміне университетке көрсетіліп жатқан көмек үшін алғысын білдірді.



Студенттер атынан сөз алған дене шынықтыру және спорт факультетінің 4-курс студенті, көркем гимнастикадан спорт шебері Диана Бейсенова ризашылығын жеткізіп, бассейннің ашылуы студенттердің спортқа ден қоюына серпін беретінін жеткізді.

Айта кетерлігі, жабық бассейннің жалпы көлемі 3644,20 шаршы метрді құрайды. Нысан құрылыс талаптарына және санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сай салынған. Байссейнге кіретін жеке кіреберіс, киім ауыстыратын орын, сауна, ванна, жаттықтырушы мен жұмысшыларға арналған бөлме, спорт инвентарын тазалап, сақтауға арналған арнайы бөлме, дезинфекциялық заттар барлығымен қамтылған. Әкімшілік және медициналық кабинеттер де бар. Одан бөлек суды тестілеуден өткізуге арналған зертханамен қамтылған.

Нысан құрылысы былтырғы жылы басталған. Ашылысымен университет қызметкерлері мен студенттері арнайы бекітілген кесте бойынша бассейнге келіп, жаттыға алады.

Рекомендовать
Последние новости