Мамин Алматы облысының көлік-логистика, фармацевтика, туризм саласының дамуын тексерді

Dalanews 17 сент. 2021 11:48 928

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірдің АӨК, көлік-логистика, фармацевтика, туризм және басқа да экономика салаларының дамуын тексерді, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруды бастап берді. Іле ауданының «Береке» индустриялық аймағында Үкімет басшысы «FRUIT ART» ЖШС экспорттық жеміс-жидек кластерінің инфрақұрылымын салуды бастап берді.

Кәсіпорынға газ ортасы реттелетін, 15 мың тонна өнім сыятын жеміс сақтау қоймасы, тәулігіне 200 тонна шикізатты қайта өңдеу қуаты бар жемістер мен жидектерді сублимациялық кептіру зауыты, сондай-ақ 9 га алаңда жылына 1800 тонна құлпынай және 900 тонна салатты жыл бойы өсіретін жылыжай кешені кіреді. Бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 34 млрд теңгені құрайды, оны 2022 жылы пайдалануға беру көзделген. Өнімді өндіру және қайта өңдеу ЕО және АҚШ елдерінің инновациялық технологиялары бойынша жүзеге асырылатын болады. 500 тұрақты және 7 500 маусымдық жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру елдің импортқа тәуелділігін алма бойынша 5%-ға, жидектер бойынша 100%-ға төмендетуге жол ашады. Ішкі нарыққа жеткізумен қатар, кәсіпорын өнімдері шетелге, оның ішінде Еуропалық Одақ елдеріне экспортталатын болады.

Қапшағай қаласында Үкімет басшысы теңіз балығын өсіретін «Оспанова Девелопмент» ЖШС балық өнеркәсібі кешенін салу жобасының іске асырылу барысын тексерді. Жобалық қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін балықты құрайды. Жобаның құны – 67,3 млрд теңге, бірінші кезеңді іске асыру мерзімі – 2022 жыл.

Премьер-Министрге Алматы облысында 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған қант саласын дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Суармалы жерлерді кеңейту есебінен қант қызылшасының егіс алаңдары 3,3 есе 53 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Су үнемдеу технологияларын қолдану жалпы өнім жинау өсімін 3,6 есе 2 млн тоннаға дейін қамтамасыз етеді.



Үкімет басшысына жалпы халық саны 220 мың адамды құрайтын Алматы қаласының төрт серіктес қаласы құрылысының жобасы – «G4 City» таныстырылды. Бірінші кезеңде 2370 га аумақта жобалық халық саны 60 мың адамды құрайтын 1,4 млн шаршы метр тұрғын үймен «Gate City» салынады.

Панфилов ауданында Премьер-Министр Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде болып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА көліктік және логистикалық инфрақұрылымының дамуымен, Құрғақ порт операторының қызметімен, «Қазпошта» АҚ Бонд қоймасының жұмысымен, сондай-ақ АЭА-ның перспективалық инвестициялық жобаларымен танысты.

Асқар Мамин қуаты жылына 60 мың тонна жем-шөпті құрайтын «SSA Feed Mills» құрама жем зауытының өндірістік желісінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Өнімнің 55%-ы ішкі нарыққа бағытталады, 45%-ы шетелге экспортталатын болады.

Қарасай ауданының Абай ауылында Премьер-Министр иммунобиологиялық препараттар шығаратын «Антиген» ҒӨК» ЖШС жобасымен танысты. Сондай-ақ кәсіпорын алаңында айына «QazVaq» вакцинасының 1 млн дозасына дейін құю бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келетін желі ұйымдастырылған.

«Көлсай көлдері» және «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін аралау барысында Премьер-Министрге Алматы облысында туризмді дамыту шаралары туралы баяндалды.

Биылғы жылдың 8 айында Алматы облысының экономикасының барлық негізгі салалары бойынша өсім, оның ішінде өнеркәсіпте – 13,8%, ауыл шаруашылығында – 1,1% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артты. 663,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірге 369,9 млрд теңге инвестиция тартылды (+2,3%).

Жұмыс сапарына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

Рекомендовать
Последние новости