Жаңаөзен қаласы, Теңге ауылынан 500 шақырым қашықтықтағы мұнай ұңғымасынан ауаға шығарындылардың шығуы орын алды. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиға орнына келген экологтар ауадан метанның тыс мөлшерін анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Төтенше жағдай 10 маусымда сағат 8:30 шамасында "Petro НефтеГазсервис" ЖШС-нің № 553 скважинасында бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында орын алған.
"Тиісінше, 10 минут ішінде, яғни сағат 08:40-та мекемемен қажетті жұмыстар жүргізіліп, төтенше жағдай оқшауланды. Зиянды заттың аталған территориядан тыс аумаққа таралу қаупі тіркелмеді", - дейді Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті.
Өңірлік экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі аталған аумақта атмосфералық ауаға аспаптық өлшемдер жүргізу шарасын қабылдады.
"Өлшемдер қорытындысы мен қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланады", делінген хабарламада.
Бұған дейін Маңғыстау облысында 6 маусымда "Толқын" кен орнында апатты жағдай орын алғаны хабарланған. Оқиға орнына барлық төтенше қызметтер болды.