Бишімбаев ісі негізінде түсірілген фильм қазақстандықтарға қолжетімді болды

Қаракөз Амантай 09 июн. 2025 13:14

Қоғамда үлкен резонанс тудырған "Бишімбаев ісіне" ұқсас жағдайды суреттейтін "Жауап бер" фильмі қазақстандықтарға енді қолжетімді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған туындыдағы оқиға желісі белгілі кәсіпкермен қарым-қатынаста болған жас әйелге қатысты сот процесі төңірегінде өрбиді. Сюжетке сәйкес, отбасылық жанжал кезінде ер адам қаза тауып, оның өлімі қоғамда үлкен дау тудырады.

Көптеген желі қолданушылары фильмдегі басты кейіпкер – әйел адам сот алдында жауап беріп жатқанына қарамастан, бұл туынды шынайы өмірдегі Салтанаттың ісін еске салады дейді. Картинада куәгерлердің айғақтары, зорлық-зомбылық көріністері мен белгілі азаматтың сүйіктісіне көрсеткен агрессиясы – барлығы дерлік атышулы істі қайта жаңғыртқандай әсер қалдырады.

"Біз бұл фильмді бүкіл ел болып күттік", – деп жазады көрермендер.

Фильм не жайында?

Сюжет бойынша, маусым айының бір күнінде бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиға орын алады. Теледидардан атышулы жаңалық тарайды: танымал блогер Диана Оспанова (рөлде — Аружан Бекболат) күйеуін (Бейбіт Құсайынов) өлтірді деген күдікке ілінеді. Өзі ауыр халде ауруханада жатыр және қылмыс жасағанын мойындамайды. Алайда қоғам оны бірден айыптап үлгереді: себебі Диана барға иелік етеді, ішімдік ішеді, мінезі өткір, сыртқы беделі де мінсіз емес.

Оны қорғауға танымал адвокат Жанар (Әсел Қалиева) кіріседі. Алайда істі жеңіп шығу үшін немесе қорғауындағы әйелге барынша жеңіл жаза тағайындалуы үшін адвокаттың көп тер төгуіне тура келеді. Қарсы тарап — қатаң әрі тәжірибелі прокурор Сандуғаш (Мадина Ақылбекова), ал істі қарайтын судья Раушан (Айнұр Болат) – суыққанды, принципшіл адам.

Жәбірленуші тарапта — қаза тапқан жігіттің қарындасы (рөлде — Нұрай Жеткерген). Ол ағасының өліміне кінәлі деп тапқан адамға ауыр жаза талап етеді.

Еске салайық, бұған дейін азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтрді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.  

Қуандық Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін де ҚАЖК өкілдері колонияда экс-министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.

Ал 12 қарашада апелляциялық алқа Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағыммен оның бұрынғы әйелінің талап арызын қарады.

Сот мәліметінше, экс-министр балаларының тегін өзгертуіне қарсы болмады, алайда оны ата-ана құқығынан айырмады.


Рекомендовать
Последние новости