"Ей, Нұрсұлтан..." деп ескі Қазақстанға қарсы шыққан ақын

Dalanews 31 авг. 2023 14:06 1041

«Айналайын, Серік! Құдай үшін, дәл биыл тыныш жүрші» деді Әліағаң жыл басындағы бір дидарласуында. Бұл сөзді Шығыс руханиятының қазіргі бұйдагері Әлібек Қаңтарбаев ағамыз ініге деген шынайы қамқорлықтан, асқан алаңдаушылықтан айтқан-ды.

Айтпағанда қайтсін, осыдан тура он жыл бұрын Секеңнің 50 жылдығын әне-міне атап өтеміз деп отырғанда жасаған тірлігі анау. «Жас Алаштың» жарты бетіне «Ей, Нұрсұлтан...» деп тебітті. Әрі қарай мерейтой былай тұрсын, азулы жүйенің аузынан ақынды аман алып қалудың өзі мұңға айналған. Ол ұзақ әңгіме...

Енді биыл қыркүйекте 60 деген айтулы той тұр. Әділетсіздік көрсе көзі жайнап, қаны қайнап кететін серіге ғасырын тойлағалы жатса да бәрібір, «Сен төресің,  сен қарасың!» демейді. Сүтпен бітіп, сүйекке сіңген мінез ғой сол, Әліағаңды алаңдатып отырған.

Жылдың сегіз айы тыныш өтті. Ара-тұра әлемжеліден «Баяғы жартас, сол жартас» деп абайша аһ ұрғанымен, «Ей пәленше!» деп ешкімнің мекенжайына тіл жебесі тартылған жоқ. Соған қарағанда, қыркүйек айының соңына қарай ақынның туған жері Зайсан ауданына жоспарланған мерейтой өтетін шығар.



Біз Сауырда туып, Баянауылда түлеген, қазақ айтысының солақай серісі атанған Серік Құсанбаев ағамыз жайлы айтып отырмыз.

 Тар бөлмедегі тамылжыған ән


Секеңнің осы 60 жасының 17 жылының куәгерімін. Алғаш Алтай асып, Өскеменге келгенімде інім деп ілтипат көрсетіп, құшағын айқара ашқан абзал ағаларымның бірі. Өнер бәсекесіне сауырымнан сипап қосқан бапкерім.

2006 жылдың көктемі. Өскеменде Серік ағаның ұйымдастырумен республикалық студенттер айтысы өткелі жатқан. Бұрын айтысын телеарналардан ғана көретін ақын ағаның есігін қақтым. Жатсынбады, жатырқамады. Сол кездегі өскемендік айтыстың жас перілері Дарын Нұрсапар, Есімжан Нақтыбай, Бұлбұл Қалқанбаевалармен бір-бір қағыстырып көрді де, екі күннен кейін өтетін айтысқа қатыстырды да жіберді. Аудандық, облыстық айтысты қойып мектепішілік сайысқа түсіп көрмеген мен шыға салып Жайықтың Жансаясына жолықтым. Осы айтыс менің бағыт-бағдарымды мүлдем басқа арнаға ауыстырды.



С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың дайындық тобында физика мамандығына дайындалып жүрген басым журналистикаға бет бұрды. Серік Құсанбаевтың университет қабырғасынан ашылған айтыс ақындар мектебінің бір мүшесі болып шыға келдім. Кілең жас ақындар жиналып алып аптасына айтысып жататын сол кез – Өскеменде өнердің шынайы ортасын қалыптастырған еді. Әттең, қазақ өнерінің исі мұрнына бармайтын басшылар ол ортаның да быт-шытын шығарды. Балапан басына, тұрымтай тұсына демекші, қолдауы жоқ ортадан Секең кетті, содан кейін әлгі мектептен кетеу кетті.

Секең, облыстық «Дидар» гезетіне барды. Артынан ілгерінді-кейінді Есімжан, Дарын үшеуіміз де сол ұжымға барып бірге қызмет істедік. Бұрын ұстаз болған ағамызды тіпті де жақыннан тани түстік. Бұл кез қазақ айтысына биліктің қырын қарап тұрған, тіпті кейбір жеке тұлғалардың төл өнердің тізгінін ұстауға таласып жатқан кезі еді. Сол себепті, айтыстан үйрімізбен алыстап, журналистикаға жарыса кірістік...


Үйірімізбен бір ұжымда жүрсек те, Секеңнің қос құлағы алысқа тігіліп, әлдебір дүбірді аңсайды. Сондай сәтте талай топта шабытына шабыт қосқан қара домбырасын қолға алады. Содан кейін ұзақ шертіп толғанады. Қыза-қыза аядай бөлмеге сыймаған әуен Ертіс жағалап, Алтай сағалап сорғаласын-ай келіп. Бұл – шашасына шаң жұқпай шапқан аламандарын аңсау болатын. «Ей, Назарбаев!» дегізіп жүрген де сол булыққан бұлқыныс, өз кезінде өзегін таппаған ағыс еді. Ішке келген дүниесін ірікпей айтып үйренген ақын, жанартау болып атылмағанда қайтсін?! Жарылды да кетті...

Ең бастысы – мүйізі қарағайдай ұлт тұтқалары айта алмай жүрген сөзді Алтайда жатқан ақын айтты. Айтқанда да, Елбасының артынан емес, қаһарынан қан тамып, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс боп, тағында отырғанда айтып тастады. Сондықтан да Секеңнің қазіргі күні ханның алдында да, қараның алдында да беті жарық, ары таза.

Ақын ағаның айтыстағы жұлдызды шағы Кереку жерінде өтті десек те, аз уақыт ішінде Алтай еліне де абыройлы олжа салды. Тіпті, қазіргі бабында жүрген жүйрік ақындардың өзіне есе бере қоймайды. Оған анау бір жылы Шымкентте өткен аламан айтыс дәлел. Ақтық сында азуы алты қарыс Бекарыс Шойбековпен айтысып, бас жүлдемен оралды. Қазақтың Қадыры (Мырза Әлі) бастаған қазылар алқасы бір-біріне есе жібермеген қос мықтыға бірдей бас бәйге беріпті.

Бұл ерлігін Серік аға араға біраз жыл салып барып Солтүстікте тағы қайталады. Жаңағы ширығу, жаңағы толғаныста жүрген ақынды Жүрсін Ерман ретроайтысқа шақырады. Аты ретро болғанымен бұл айтысқа ардагер ақындардан бөлек, айтыс өнерінің бес буын өкілдері, оның ішінде атап айтар болсақ, Ринат Зайтов, Мұхтар Ниязов, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев сынды бүгінгінің дүлдүлдері де қатысқан. Осындай ұлы дүбірде баяғы арынынан қайтпаған ақын Алтайға жеңістің туын желбіретіп оралды. Осы орайда ағасының алдын орамай, ақтық сайысқа шыға тұра жолын ағасына беріп, өзге өңірде інілік ілтипатын көрсете білген Ринаттың мәрттігін айта кеткен де жөн. Теріскейдегі елден жүлде алып бір марқайған ақын, Шығыс ұлдарының бір-біріне көрсеткен шынайы құрметін көріп екі марқайып қайтқан еді.

Туған жерінде ақынның тойы өтпек


Секең облыстық басылымға да текке келмепті. Ақпарат саласында 20 жылға жуық қызмет істеп,  қаламын көбінде руханият саласына, ұлттық рух бағытында сермеді. Орамды ой, сергек санамен жазылған дүниелер өз нәтижесін  бермей қалған жоқ. Айталық, туған жеріне барған бір сапарында кезінде ауған елді қынадай қырған Кандюриннің атында Зайсан қаласында әлі көше тұрғаннан жеріне жеткізіп отырып жазған еді. «Қанішердің атына көше берген не сұмдық?!» деп аталатын сол мақаланың жемісін жұрт араға аз уақыт салып барып жеді. Естуімізше Шығыстың алтын қақпасын күзеткен ел қанішердің атындағы көшені қазақтың жаужүрек батыры Бауыржан Момышұлының атына өзгертіпті.



Тағы бір мақаласында жаны да, тәні де тазалықты сүйетін ақын облыс орталығындағы Үлбі бойының жүдеу жағдайын тілге тиек еткен-ді. «Арғы жағы, Үлбінің бергі жағы...» деп аталатын мақала да қалалық әкімдіктің мойнын бұрғызып, бүгінгі күні Үлбі жағалауында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл әріптес-ағаның тек мысал үшін ғана атай кеткен қатардағы қалың мақаласының бір-екеуі ғана...

Не жазса да тап-тұйнақтай етіп төгілте жазатын Секең айтыстағы адуынды шабысын гезет бетінде де көрсетіп келеді. Әсіресе, тарихи тақырыптарды, аңыз-әңгімелерді қандай мөлдіретіп береді. Ұлттық рухқа уызынан жарыған ақын солай сілтері де заңдылық қой. Егер сөзімізге шүбәлансаңыз өткен жылы ғана жарық көрген «Дүбірге толы дүние», «Көкдауыл» сынды әңгімелері мен мақалалар жинағын тауып оқыңыз.  Бұл ақынның төртінші кітабы. Бұған дейін «Жырлаумен өткен жиырма жыл» атты естеліктері мен «Байғыз» атты жыр жинағы жарық көрген.

Жалпы, Секең десе ел есіне, бірден көшкен селдей күркіреп, маңайын бұзып жарып келе жатқан бір дүлей күш иесі елестейтіні ақиқат. Бұл айтыстағы бейнесі. Ал поэзиясына бет бұрған жан болса, мүлдем басқа ырғақ. Бейне бір Алтайдың ақ жауынындай себелейді. Нәрлі де, әрлі. Әр өлеңі тағдырлы. Бұл туралы ойымызды бұл мақалаға сыйғыза алмасымыз анық.

Бұйырса, енді бір ай тыныш жүрсе, «Алдаспан ақынның мерейтойы туған жерінде жалауын көтеріп, соңы республикалық ақындар айтысына ұласады!» деген сыбыс бар. Ондай болса, ақиқаттың ақбозын алшаңдата бастырып 60-қа жеткен ақынның тойында жолығайық, ағайын!

Қасиетті Зайсан өңірінің қабырғалы халқы мен намыстан нәр алған азаматтары «Елім!» деп туған ақтангер ақынын жерге қаратпас...

                           Мұратхан Кенжеханұлы


Рекомендовать
Последние новости