Түркістанда ауыз су мәселесі талқыланды

Dalanews 31 авг. 2023 13:30 1481

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Маңызды мәселе өңір басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.

Сонымен қатар, отырыста Түркістан және Кентау қалаларын Мырғалымсай жер асты су кен орнынан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жан-жақты талқыланды. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитетінің басқарма басшысы, осы салаға жауапты басшылар, ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргізетін сарапшылар қатысты.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларына Геология комитетімен бірлесіп, қысқа мерзімде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және проблемалық мәселелерді шешу жолдары жөнінде нақты ұсыныс әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Ауыз су тапшылығының алдын алуға қатысты тиісті жұмыстарға күш салуды жүктеді.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың баяндауынша, Түркістан облысында барлығы 7 топтық су құбыры және жергілікті су құбыры бар. 608 елді мекеннің басым бөлігі ауыз суды жер асты су көздерінен (ұңғымадан) пайдаланады.

Су құбырымен қамтамасыз етілген 720 елді мекеннің 215 елді мекеніне ауыз су кестемен беріледі. Соның ішінде, облыстың оңтүстік аймақтарда ауыз суға тапшы. Оған жер асты сулары деңгейінің түсуі себеп. Нәтижесінде су қоры азаюда.


Елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен су көздеріне іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Уәкілетті органдар, яғни Геология комитеті мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» департаменті тарапынан су қоры бекітіліп,  жер асты су қорларының көлемі көрсетіледі. Алайда, эксплуатациялық ұңғымаларды бұрғылау кезінде, жеткілікті көлемде су шықпай қалу фактілері орын алуда. Осыған байланысты Келес, Сарыағаш аудандарында орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген барлық елді мекендерінде ауыз су кестемен беріледі, дейді мамандар.

Түркістан, Кентау қалалары Мырғалымсай жер асты сулары кен орнынан магистральдық су құбырымен қамтамасыз етілуде. 2021 жылы «Геотерм» ЖШС тарапынан жете барлау жұмыстары  жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілді. Кентау қаласында «Қосқорған су қоймасын» одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жұмыс жобасы бойынша Мырғалымсай жер асты су кен орны аумағында қосымша тік дренажды 11 дана ұңғыма қазылды. Осылайша жылына 40 млн.м3 көлемінде су алу көзделген. Ауыз су 130 метрге дейінгі тереңдікте орнатылған  4 дана су сорғысы арқылы тартылады. Қосымша Түркістан қаласын көгалдандыруға және жасыл желектерді суару үшін су алу жоспарланып отыр.

Басқосуда су қоры мен оның сапасына қатысты өзекті мәселе төңірегінде мамандар пікірі тыңдалды. Өңір тұрғындарын жеткілікті көлемде ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өзекті мәселелерге құзыретті уәкілетті орган (Геология комитеті) және тәуелсіз мамандардың зерттеу-зерделеу жұмыстарын жан-жақты бірлесіп жүргізу туралы мәселе көтерілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитетінің басқарма басшысы Шыңғыс Есенгазиев облыстағы жер асты суларының деңгейі төмендеуі бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеулердің барысымен таныстырды.

Рекомендовать
Последние новости