Еліміздегі үш ірі мегаполис сумен тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін бе?

Dalanews 26 сент. 2022 05:34 741

Қазақстанда жарты миллионға жуық адам ауыз судан тапшылық көріп отыр. 6 мыңнан аса ауылдың тек 4 мың 700-іне ғана су құбырлары жүргізілген. 

Dalanews.kz тілшісімен тілдескен эколог Вадим Япиевтің айтуынша ауыз судан қағылып отырған тұрғындардың мәселесі президент Тоқаевтың тұрақты назарында, әйтсе де төменгі деңгейде президент тапсырмасын орындауға келгенде олқылықтар бар.

"Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметтің алдына алдағы 5 жылдың көлемінде қала мен аудан-ауылдарды таза сумен толық қамту туралы міндет қойған. Өкінішке орай, осы бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. 1500-ға жуық ауыл ауыз суға қол жеткізе алмай, таза суды тасып ішуге мәжбүр. Біздің есептеуімізше 500 мыңнан аса азамат судан тарығып отыр. Демек, осы бағыттағы жұмысты жүрдектету керектігі дау туғызбайды", – дейді сарапшы.

Экологтың айтуынша еліміздегі өңірлердің ішінде Қызылжар өңірі мен Қостанай облысында таза судың жетіспеушілігі сезілуде. Смайылов үкіметі аталған өңірлерге арнайы делегация жіберіп, жағдайдан көзбен көруі тиіс.


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері Үкіметке сумен қамтудың жаңа алгоритмдерін ұсынуы қажет.

Айта кетелік, Қазақстанда елді-мекендерді ауыз сумен қамтуға бөлінетін қаражат жыл өткен сайын артып келеді.

 2025 жылға дейін еліміздің аймақтары мен аудан-ауылдарды таза сумен қамтуға 500 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінбек. 


Тек биылғы жылдың өзінде ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтуға 94 млрд теңге бағытталған. Үкіметтің мәліметінше бұл ауылдық жерлерге құбыр жүргізіп, сумен қамту деңгейін 95 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.

Әйткенмен Вадим Япиевтің айтуынша, ауылдар ғана емес, ірі мегаполистер де су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын біздер, экологтар Астананың сумен қамтылу деңгейіне зерттеу жүргіздік. Елорданы сумен қамтып отырған негізінен "Астана" су қоймасы. Қойманың қуаты қазірге жетуі-жеткенмен, болашақта оның қуаты аздық ететін болады, себебі қала күннен күнге өсіп келеді.

Қалалық әкімдік "Астана" су қоймасынан бөлек Ертіс өзенінен су алып отырған Сәтпаев каналын  да пайдаланып отыр. Екі қойманың қуатын қатар алғандағы ауыз судың көлемі 300 мың кубметрге жуықтайды, ал елорда тұрғындары тәулігіне 270-280 мың кубометр су тұтынады. Демек, аталған қоймалардың қуаты аздық ететіні даусыз. Біздің бағалауымыз бойынша 2029 жылға дейін астаналықтар тәулігіне 380-400 мың кубометр су пайдаланатын болады", – дейді сарапшы.

Алматыдағы ахуал да осыған ұқсас. Қаладан қашықта тұратын тұрғындар суды әлі күнге дейін тасып ішуге мәжбүр. Кейбір шеткері аудандарда су құбыры мен канализация жүргізілмеген.

Япиевтің мәлім еткеніндей Алматыдай алып мегаполисті ауыз сумен қамтып отырған 6 бірдей су көзі бар. Атап айтқанда бұлар: Үлкен және шағын Алматы, Ақсай және Қарғалы өзендері мен жер астынан шығатын Алматы және Талғар су қоймасы.

"Алғашқы үшеуінің мүмкіндігі тәулігіне 285 мың кубметрді құрайды. Талғар және Алматы су көзінің қуаты 376 скважинаға жинақталған. Тұтастай алғанда Алматыны сумен қамту үшін тәулігіне 1 млн 370 мың кубометр ауыз су қажет.

Қала тұрғындарының 90 пайыздан астам орталық сумен қамту жүйесіне қосылған, өзге тұрғындар әлі күнге дейін суды тасып ішуге мәжбүр.

Алматыдағы су құбырларының тозығы жеткен. Қолда бар мәлімет бойынша сумен қамтамасыз ететін құбырлардың жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайды, бұлардың 50-дан астамы қолданысқа берілгеніне 30 жылдан асып кеткен ескі құбырлар. Бұлар күні ертең апатты жағдай туғызып, істен шығуы мүмкін. Қазірдің өзінде мұндай апаттардың саны көбейіп келеді", – дейді сарапшы.

Шымкент қаласының да су дефицитімен ұшырасуы мүмкін екенін бұдан бұрын білікті экологтар хабарлаған болатын. Қаладағы 80-нен аса елді-мекеннің 77-сі ғана ауыз сумен қамтамасыз етілген. Былтыр Шымкенттің шеткері аудандары су шектеп тұтынуға мәжбүр болған еді.

"Су мәселесіне бейқам қарауға болмайды. Бұл асқан жауаптылық мен кәсібилікті талап ететін сала. Су ресурсын ұқыпты пайдаланудың әдістемесін әзірлеп, су жүретін желілерді жаңартуға, осы салаға жаңа технологияларды ендіруге мүдделіміз. Су да қазына байлықты бірі. Уақыт өткен сайын судың қадірін түсіне түсеміз", – дейді сарапшы.

 

Рекомендовать
Последние новости