Дональд Трамп Қытайға жоғары баж салығын енгізу мерзімін тағы 90 күнге ұзартты

Кәмшат Тілеухан 12 авг. 2025 16:26

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына жоғары баж салығын енгізуді тағы 90 күнге кейінге қалдыратын Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

CNBC агенттігінің мәліметінше, Дональд Трамп Қытай тауарларына жоғары баж салығын енгізуді тағы 90 күнге кейінге қалдырған Жарлыққа қол қойды.  АҚШ президенті бұл жарлыққа түн ортасына бірнеше сағат қалғанда қол қойған, өйткені онсыз алдында Қытайға қатысты өзі жариялаған баждар өз күшіне енер еді.

CNBC құжаттың күшіне ену мерзімін ұзарту өткен айда болған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздерінің нәтижесі екенін атап өтті.

Шілде айында Bloomberg ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Ли Чэнганға сілтеме жасай отырып, қытай мен америка тарапы бір-бірінің тауарларына салынған жоғары баж салығын қолданысқа енгізу мерзімін ұзарту идеясын қолдағанын хабарлаған.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент де бұған дейін құжатты күшіне енгізу мерзімін 90 күнге ұзарту қарастырылып отырған нұсқалардың бірі екенін мәлімдеген. Вашингтон мен Бейжің делегациялары арасындағы сауда келіссөздерінің үшінші раунды 28-29 шілдеде Стокгольмде өтті.

Алдыңғы раундтар 10-11 мамырда Швейцарияда және 9 маусымда Ұлыбританияда өтті. Бұған дейін Трамп Қытаймен арада сауда келісіміне қол қойғанын айтқан болатын.

Кейінірек АҚШ сауда министрі Говард Латник Трамп атап өткен қол қойылған құжат АҚШ пен Қытайдың Женева мен Лондондағы сауда келіссөздерінде қол жеткізген баждар бойынша  бекітілген келісімдері екенін, оның екі ел арасындағы жан-жақты сауда келісіміне жатпайтынын жеткізген.  

Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп өзара баж деп аталатын жарлығы 7 тамыздың түн ортасында (Мәскеу уақытымен 07:00) өз күшіне енгенін растады. Иә,1 тамызда Трамп 60-тан астам мемлекет пен Еуропалық одаққа қатысты да 15%-дан 41%-ға дейінгі аралықты қамтитын баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ең жоғары тарифтер Сирия (41%), Лаос (40%), Мьянма (40%), Швейцария (39%), Ирак (35%) және Сербия (35%) сияқты мемлекеттерге бағытталған. Қазақстанға 25 пайыздық баж салығы енгізілетіні де ескертілген. Бұл тізімде Ресей жоқ. Себебі санкцияларға байланысты арада алыс-беріс әлдеқашан тоқтаған. Дегенмен Трамп 8 тамыздан кейін Ресейге мұнай саласын қамтитын қатаң санкция енгізетінін жариялап, ультиматум қойған болатын. Бұл ретте белгілісі, 6 тамызда АҚШ президентінің Ресей мұнайын тұтынып қана қоймай, оны өңдеп Батыс елдеріне сату арқылы экономикасын көтеріп отырған Үндістанға баж салығын салатын жарлыққа қол қойғаны. Ол тамыздың соңында күшіне енеді деп күтіледі. Ақ үй Қытайға да осындай шара қолданылатынын жариялап үлгерді. Осы мәселелерді талқылау үшін АҚШ пен РФ президенттері кездеспек ниетте. Бұл туралы Кремльде Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффты қабылдағаннан кейін айтылды. Қос көшбасшының кездесуі 11 тамызға белгіленгені белгілі болды.


Рекомендовать
Последние новости