Трамп 60-тан астам елмен арадағы "өзара баж " салығы түнде өз күшіне енгенін растады

Кәмшат Тілеухан 08 там. 2025 11:08

АҚШ президенті Дональд Трамп өзара баж деп аталатын жарлығы 7 тамыздың түн ортасында (Мәскеу уақытымен 07:00) өз күшіне енгенін растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Өзара баж туралы жарлық түн ортасында өз күшіне енеді", деп жазды Трамп Truth Social-дағы парақшасында.

Ақ үй басшысының бағалауы бойынша, импорттық баждар Америка экономикасына АҚШ-пен сауда қатынастарын "жылдар бойы теріс пайдаланып келген елдерден миллиардтаған доллар тартуға мүмкіндік береді".

Айта кетсек, 1 тамызда Трамп 60-тан астам мемлекет пен Еуропалық одаққа қатысты да 15%-дан 41%-ға дейінгі аралықты қамтитын баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ең жоғары тарифтер Сирия (41%), Лаос (40%), Мьянма (40%), Швейцария (39%), Ирак (35%) және Сербия (35%) сияқты мемлекеттерге бағытталған. Қазақстанға 25 пайыздық баж салығы енгізілетіні де ескертілген.

Сауда министрлігі ақпаратына сүйенсек, енгізілген тариф АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалады. Қазір Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі тарифсіз, шектеусіз экспортталып жатыр.

Бұл тізімде Ресей жоқ. Себебі санкцияларға байланысты арада алыс-беріс әлдеқашан тоқтаған. Дегенмен Трамп 8 тамыздан кейін Ресейге мұнай саласын қамтитын қатаң санкция енгізетінін жариялап, ультиматум қойған болатын. Бұл ретте белгілісі, 6 тамызда АҚШ президентінің Ресей мұнайын тұтынып қана қоймай, оны өңдеп Батыс елдеріне сату арқылы экономикасын көтеріп отырған Үндістанға баж салығын салатын жарлыққа қол қойғаны. Ол тамыздың соңында күшіне енеді деп күтіледі. Ақ үй Қытайға да осындай шара қолданылатынын жариялап үлгерді. Осы мәселелерді талқылау үшін АҚШ пен РФ президенттері кездеспек ниетте. Бұл туралы Кремльде Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффты қабылдағаннан кейін айтылды. Бүгін қос көшбасшының кездесуі 11 тамызға белгіленгені белгілі болды.

Бұл ретте сайтымызда "Трамптың баж салығы: Сауда министрлігі мән-жайды түсіндірді" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар