Ультиматум жайы не болды? Трамп Ресей мұнайын тұтынатын елдерді шындап қыспаққа ала бастады

Кәмшат Тілеухан 07 там. 2025 12:16

Ертең – 8 тамыз, яғни Трамптың Ресейге қойған ультиматумының соңғы күні. Ол орындалса, Украинадағы соғыс аяқталуы тиіс. Ал орындалмаса, Ресейге қарсы санкциялар ішіндегі ең қаталы – мұнай саласына қатыстысы іске қосылмақ. 7 тамыз - бүгіннің өзінде геосаяси ауанның қалай қарай ойысып жатқаны анық аңғарылады. Мұны Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.

Қазір Ақ үй абыр-сабыр. Журналистер алдына бір шығып үлгерген Трамп, әзірге Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина көшбасшысы Владимир Зеленскиймен жеке кездесу ықтималдығы жоғары екенін ғана айтты. Ал ультиматумның орындалу-орындалмау жайы туралы АҚШ президенті жақ ашып, ештеңе айтпады. "Аузы күйген үріп ішеді" дегеннің керін келтіріп, тек "өткендегідей болып жүрмесін, сондықтан бұл ретте асығыстық танытқым келмейді" деп қысқа қайырды Дональд Трамп (өткенде ол Украинадағы әскери іс-қимылдар аяқталды деп жариялай салған, бірақ сөз жүзіндегі дүние іске келгенде жүрмейтін болып шыққан. Содан бері Дональд Воваға қатты өкпелі – ред.).

Дегенмен аталған тақырып тұрғысында кешелі бері шалт жүріс-тұрыстар болып жатыр. Күні кеше Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффты қабылдады. Арадағы әңгіме шамамен үш сағатқа созылды. Қос тараптың Украина дағдарысын талқылағаны, Ресей америкалық тарапқа украин мәселесі бойынша белгілер беріп, Трамптан да тиісті белгілерді қабылдағаны айтылады.

"Кремль Путин мен Уиткоффтың келіссөздері туралы тек Трамп одан хабардар болғаннан кейін ғана егжей-тегжейлі айта алады", - деді Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Юрий Ушаков.

Осы кездесуден кейін көп ұзамай, жарты сағаттан кейін Ақ үйдің сайтында Дональд Трамп қол қойған жарлық мәтіні жарияланды.

"Үндістан үкіметі қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан мұнайды тікелей немесе жанама түрде импорттап алып отыр деп ойлаймын. Тиісінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Үндістаннан Америка Құрама Штаттарының кедендік аумағына импортталатын тауарларға арнайы мөлшерлеме бойынша қосымша 25 пайыз баж салынады", делінген жарлықтың мәтінінде.

Бұл тариф құжатқа қол қойылғаннан кейін 21 күннен кейін күшіне енеді. Демек, 27 тамызда Ресей мұнайын тұтынып қана қоймай, оны өңдеп Еуропаға сату арқылы экономикасын көтеріп отырған Үндістанға қиын тимек. Ал Үндістан Ресейдің серіктесі әрі БРИКС шеңберінде көптеген жобаларда бірін-бірі қолдап отырады.  Сондай-ақ, Ақ үй Үндістаннан бөлек Ресей мұнайын импорттайтын басқа елдерге де тариф саясатын қатаңдатуы мүмкін екенін жариялады. Себебі АҚШ-тың пікірінше, Ресей мұнайын сатып алу Украинадағы әскери іс-қимылдарды қаржыландырумен пара-пар.

Трамп Үндістанға қарсы қосарлас санкциялар енгізу тек бастамасы екенін айтты.

"Небәрі арада сегіз сағат өтті. Ары қарай не болатынын көрейік... Сіздер әлі бұдан да зорын көресіздер. Бұл тек бастамасы ғана. Бұдан да көп болады. Қосарлас санкцияларды айтамын", - деді Америка президенті. Сөйткен Трамп Қытайға қарсы осындай шаралардың енгізілу ықтималдылығын да жоққа шығармады.

Ал Үндістан шып-пыр етіп қалды. Нью-Дели сұқ саусағымен Батысты нұсқап: "Қараңыздаршы, АҚШ пен Еуропалық одақ Ресеймен сауда-саттық жасамай жатқан жоқ емес, жасап жатыр. Соған қарамастан бізге келгенде, Мәскеумен байланысты үз дейді. Мұны қалай түсінуге болады" деп айран-асыр. Ал Қытайда коронавирус кезіндегі шаралар қайта қолға алына бастаған. Чикунгунья деген жаңа вирус шығыпты дейді. Оның геосаясатқа қатысы бар ма, жоқ па, ол жағын білмедік. Белгілісі, Қытай карантинге тарс жабылып қалуы бек мүмкін...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар