Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) жасаған шабуылдарының салдары әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде АҚШ-та да сезіле бастады. Бұл туралы Axios басылымы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылымның мәліметінше, Украина тарапынан Ресейдің мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған соққылар әлемдік энергетика нарығында экономикалық күйзеліс туғызып, энергия тасымалдаушыларының бағасының өсуіне ықпал еткен. Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасы Иранмен байланысты әскери шиеленіс салдарынан онсыз да жоғары деңгейде тұрған еді.
АҚШ-та дизель бағасы 5 доллардан асты
Axios мәліметіне сәйкес, украиналық шабуылдардың әсерінен АҚШ-та дизель отынының бағасы бір галлон үшін 5 доллардан асып кеткен.
Басылым жанармай бағасының қымбаттауы ауыл шаруашылығы, құрылыс және жерүсті тасымалы сияқты салалар үшін аса маңызды екенін атап өтеді.
Ресейдің МӨЗ-деріне 100-ден астам шабуыл жасалған
Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың тамыз айынан бері Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына кемінде 100 шабуыл тіркелген. Соңғы айларда бұл шабуылдардың қарқыны күшейген. Тек маусым айының өзінде мұнай өңдеу кәсіпорындарына кемінде 10 рет соққы жасалғаны хабарланған.
«Ресейдің батыс бөлігіндегі іс жүзінде барлық ірі мұнай өңдеу зауыттары дрондардың шабуылына ұшырады. Маусым және шілде айларында соққылар жалғасты, ал көптеген кәсіпорындарға бірнеше мәрте шабуыл жасалды», – делінген Агенттік мәлімдемесінде.
Ресей дизеліне сұраныс АҚШ бағасына да әсер етуде
Axios жазуынша, Ресейден дизель отынын сатып алатын елдер, соның ішінде Бразилия, өз жеткізілімдерін қамтамасыз ету үшін америкалық жеткізушілерге жиі жүгіне бастаған.
Басылымның пікірінше, сыртқы сұраныстың артуы АҚШ ішіндегі дизель бағасының одан әрі қымбаттауына себеп болып отыр.