MEGA Silk Way сауда және ойын-сауық орталығында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ерекше арт-инсталляция ұсынылды. Шығармашылық жоба аясында ақынның бейнесі 3000 рубик текшесімен құрастырылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Биіктігі 3 метр, ені 2 метр болатын портретті спидкубер жастар небәрі 5 сағатта жинап шықты. Жобаның бастамашысы Әлихан Ертұрсынның айтуынша, Рубик текшесі логика мен шығармашылықты біріктіретін өнер туындысына айналды.
“Осы арқылы ұлттық болмысты заманауи тәсілмен жеткізуді мақсат еттік”, – деді ол.
«Абай әлемі» атты мәдени бағдарлама екі күн бойы көрерменді поэзиялық кештермен, шығармашылық қойылымдармен қуантты.
Мыңдаған келуші жастардың креативтілігіне жоғары баға беріп, ұлттық мұраға құрметті айқын сезінді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жоба – Абай мұрасын жаңаша танытуға арналған тың қадам. Мақсат – жас буынның ұлттық сана мен елдік құндылықтарды терең ұғынуына ықпал ету.