Шетелдік азамат Қазақстанда сан соғып қалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz
ІІМ мәліметінше, Ақмола облысында Болгария азаматын 102 миллион теңгеге алдаған қылмыстық топтың мүшелері ұсталған.
Шетелдік азамат мамыр-маусым айларында интернет алаяқтардың құрбанына айналған. Қаскөйлер өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушіні ірі көлемдегі ақшаны бөгде адамдардың шотына аударуға көндірген.
Түскен арыз бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғап, жедел іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде қылмыстың екі ұйымдастырушысы анықталды.
"Олар - Павлодар облысының тұрғындары. Қылмыстық схеманың тағы төрт қатысушысы белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша күдіктілердің Көкшетау қаласы мен Қорғалжын ауданындағы осындай жайттарға қатысы болуы мүмкін. Тінту барысында ұялы телефондар, қаражаттың бір бөлігі тәркіленді. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция.