Трамп пен Путин жақын күндері кездеседі - Кремль

Кәмшат Тілеухан 07 там. 2025 16:35

АҚШ пен Ресей Федерациясы екі елдің президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің алдағы кездесуінің уақытын белгілеп,  өзара келісім жүргізуде. Екіжақты кездесу жақын күндері өтуі мүмкін. Бұл туралы Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Негізінен, америкалық тараптың ұсынысы бойынша алдағы күндері жоғары деңгейдегі екіжақты кездесу, яғни президенттер Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуін өткізу туралы уағдаластық өзара келісілді", деп мәлімдеді бүгін Кремльдің ресми өкілі.

Дипломат қазір Ресей Федерациясының билігі америкалық әріптестерімен бірге осы кездесудің параметрлерін және оны өткізу орнын нақты зерделеуге кіріскенін айтты.

"Айтқандай, кездесу орны да келісілді, біз бұл туралы алда хабарлайтын боламыз", – деді Юрий Ушаков.

Сондай-ақ, ол Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты болжамды кездесуіне қатысты пікір білдірді.

"Кеше Вашингтон, неге екенін білмеймін, белгілі бір себептермен үшжақты кездесу туралы айтып қалды, оған келетін болсақ, бұл нұсқаны Кремльдегі кездесу барысында америкалық өкіл жай сөз еткен болатын, бірақ ол нақты талқыланбаған жайт. Ресейлік тарап бұл опцияны толығымен назардан тыс қалдыруды жөн деп тапты. Біз, ең алдымен, Трамппен екіжақты кездесу дайындығына көбірек көңіл бөлуді ұсынамыз. Біз бұл кездесудің сәтті және нәтижелі болуы басты мәселе деп санаймыз", деп түсіндіреді Юрий Ушаков.

Сонымен қатар Кремльдің ресми өкілі Владимир Путиннің АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен кездесуіне қатысты да түсініктеме бере кетті.

"Бұл іскерлік, конструктивті кездесу болды. Менің ойымша, екі тарап та келіссөз қорытындысына қанағаттанған болуы мүмкін. Украиналық дағдарысты реттеу тұрғысынан одан әрі бірлескен жұмыстар жайы қарастырылды және Ресей-Америка қатынастарын соңғы жылдардағыдан мүлдем басқалай, өзара тиімді сценарий бойынша құру мүмкін екендігі тағы да атап өтілді", – дейді  Юрий Ушаков.

Айта кетсек, Ресей Федерациясының президенті кеше, 6 тамызда АҚШ басшысының арнайы өкілін Кремльде қабылдаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар