Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы радарлары мен әскери ұшақтарына соққы жасағанын мәлімдеді

Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы радарлары мен әскери ұшақтарына соққы жасағанын мәлімдеді
depositphotos.com

Иран әскері жұма күні Сирия, Оман, Катар, Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы АҚШ-тың әскери нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді. Тегеран мұны АҚШ-тың Иран аумағына жасаған шабуылдарына жауап ретінде түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) мәліметінше, шабуылдардың негізгі нысаналары радиолокациялық станциялар (РЛС), тікұшақтар мен әскери ұшақтар орналасқан базалар, сондай-ақ командалық орталықтар, казармалар және логистикалық орталықтар болған.

КСИР мәлімдеуінше, Катардағы АҚШ-тың Әл-Удейд әскери базасында жанармай құюға арналған әскери ұшақтар мен алыс қашықтықтан анықтайтын радиолокациялық станция жойылған. Сонымен қатар Иорданиядағы америкалық жойғыш ұшақтар мен жанармай құю ұшақтарына, Бахрейндегі Сахир базасындағы АҚШ Әуе күштерінің тікұшақтары мен ұшақтары орналасқан орындарға соққы жасалған.

Сондай-ақ КСИР Кувейтте орналасқан HIMARS зымыран кешендерінің ұшыру қондырғылары жойылғанын хабарлады. Бұдан бөлек, АҚШ әскері мен «АҚШ пен Израильді қолдайтын контрреволюциялық жалдамалылар» орналасқан орындарға соққы беріліп, көптеген арнайы жасақ сарбаздары мен қарулы топ өкілдері жойылғаны айтылды.

АҚШ-тың шабуылдарына жауап ретінде Иран әскері Сирияның оңтүстік-батысындағы Ат-Танф ауданында орналасқан қарсы тараптың арнайы операциялар күштерінің командалық орталығына да соққы жасаған.

КСИР мәлімдемесінде бұл шабуыл салдарынан радиолокациялық станциялар, бірнеше арнайы операцияларға арналған тікұшақ және көптеген әскери қызметкер жойылғаны айтылған.

Сонымен қатар Иран әскері Омандағы америкалық радарларға да соққы жасағанын хабарлады. КСИР дерегіне сәйкес, Салама ауданындағы теңізді бақылау радары мен Ғанам ауданындағы әуе кеңістігін бақылау радары жойылған.

Иран тарапының мәліметінше, Иорданияда орналасқан бірнеше америкалық жанармай құю ұшағы мен жойғыш ұшақ баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы нәтижесінде жойылған.

Бұдан бөлек, КСИР Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы Таяу Шығыстағы АҚШ әскери-теңіз флотына қарсы ықтимал операция уақыты жақындап қалғанын ескертті.