Декларациялаудан босату, Перизат Қайрат ісі, бюджет тапшылығы: осы аптадағы өзекті жаңалықтар

Dalanews 23 нояб. 2024 13:49 943

2025 жылы еліміздің 8 млн азаматы табысын декларациялаудан босатылмақ. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары бюджет жыртығын жабу үшін халықаралық үш банктен жалпы көлемі 636 млрд теңгені құрайтын үш займ алуды көздейтін заң жобаларын талқылады. Су тасқыны кезінде кеңінен танымал болған қайырымдылық қоры тоналып, осыған байланысты ұсталған қор басшысы Перизат Қайрат ісіне қатысты тың ақпараттар жарияланды. Бұл аптада Dalanews.kz оқырмандарының көбірек қызғушылығын туғызып, кеңінен талқыға түскен осы мақалалар болып табылады.

Осы аптада Үкімет отырысында Мәди Тәкиев 8 млн-ға жуық адамның декларация тапсыру міндеттеріне қатысты Қаржы министрі деректер базасын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, бұл санаттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырудан босатуды ұсынды.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындауды және оларды Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды. Мұның алдында Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың III және IV кезеңдерінің күшін жою туралы петиция жарияланды. Онда табысының жартысынан көбі тек ішер асына кететін қара халықты бос әуреге салмай, декларациялаудан босату сұралады.

Оқырмандарды елең еткізген тағы бір жаңалық: Үкіметіміздің бюджет тапшылығы мәселесін жою үшін Ұлттық қордан бірнеше трансферт тартқаны аздай, енді шетелдік банктерден де қарыз ақша алуға көшуі болды.

Халықаралық Қайта құру және даму банкі Қазақстан Республикасына өтеу мерзімі 11 жыл болатын 84,9 млрд иен сомасына (270,5 млрд теңге) қарыз ақша береді. 

Одан бөлек, Қазақстанға Азия даму банкі (АДБ) 52,3 млрд иен, ал Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкі 52,7 млрд иен (жиынтығында 105 мрд иен немесе $677,5 млн) бөлуді көздеп отыр. Азиялық қаржы ұйымдарының қос қарызды 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, Қазақстанға 15 жыл мерзімге берілмек.

Сонда Қазақстанның шетелдік банктер алдындағы осы үш қарызының өзінің көлемі 636 млрд теңгені құрамақ.

Перизат Қайрат ісінде Amanat партиясы мүшелерінің есімдері де аталып, көпшілік қор ақшасын бір тығыршықтай қыздың "жегеніне" күмән келтірді. Бұл ретте оқырмандар назарына Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің пікірі ілінді.

Журналистер қордың құрылтайшыларының қатарында 10 адамның болғанын және олардың басым бөлігі партия мүшелері екенін атап өтті. Осыған байланысты шенеунікке "Бұл жағдай Amanat партиясының және қайырымдылық институтының беделіне нұқсан келтірмей ме?" деген сауал қойды.

"Бұл жаңалықты егжей-тегжейлі зерттемедім. Өкінішке қарай, мені аса таңғалдыра қойған жоқ. Соңғы күндердегі қарбаласқа байланысты назарымнан тыс қалды", – деп жауап берді ол.

Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.

Сонымен қатар Biz Birgemiz қорында Перизат Қайраттан бөлек 10 құрылтайшы бар екенін Dalanews.kz "Ұлысмедиаға" сілтеп хабарлаған еді. 

Ресми ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, қордың алғаш Астана қаласының Әділет департаменті 2021 жылы қарашада тіркеген. Қордың толық атауы – "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі. Қордың құрылтайшыларының тізімінде Перизат Қайраттың өзімен қосқанда 10 адам бар. Олар:

  • Матюшенко Сергей Владимирович
  • Мағзұм Арсланбек Талғатұлы
  • Тұрғанбай Шадияр Докторұлы
  • Аманбай Аружан Оразбайқызы
  • Болысов Тохтар Коммунарович
  • Хисматуллин Дамир Сакенович
  • Серикжанова Айгерим Тельжановна
  • Сейткамал Гүлназ Нұрланқызы
  • Хафиз Аян Бауыржанұлы.

Тізімдегі құрылтайшылардың біразының есімі Amanat партиясымен байланысты. Мәселен, Сергей Матюшенко партияның Астана қаласы Байқоңыр аудандық филиалының атқарушы хатшысы. Елордалық Азаматтық альянсты директоры болғанын әлеуметтік желіде жазады.  


Рекомендовать
Последние новости