"Бүгін - 500, ертең - 600". Тутушкиннің мәлімдемесі өзге түгілі өз ортасының жағасын ұстатты

Кәмшат Тілеухан 22 нояб. 2024 09:45 255

Кеше, 21 қарашада Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин ұлттық валюта бағамына қатысты пікір білдіремін деп оңбай сүрінді. Оның айтқан сөзі өзге түгілі өз ортасының жағасын ұстатты. Оның кәсіби деңгейіне де күмән келтірілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алдымен Тутушкиннің айтқанын сол күйінде бере кетелік.

"Жалпы, 500 деген жәй ғана сан, оған байланып қалудың түкке керегі жоқ. Бүгін – 500, ертең – 600 дегендей, ақша бағамы шетел валютасына қатысты сұраныс пен ұсыныс қандай болады, соған қарай түзіле береді", - деді ол теңге бағамын ақша айырбастаушы орындар өздері белгілей беретінін меңзеп Сенат дәлізінде журналистердің АҚШ долларының тағы қымбаттау-қымбаттамауына  қатысты қойған сұрақтарына берген жауабында.

"Міне, саған Ұлттық банк төрағасы орынбасарының кәсіби деңгейі, біз осыған лайық та шығармыз" деп жазды ашына экономист Ғалымжан Айтқазин Telegram арнасында.

"Біз күні кеше реттеуші орган төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің Сенаттағы есебіне сын білдіріп, макроэкономикалық дамуға кедергі келтіруші басты факторлар туралы жазған болатынбыз. Аузымызды жиып та үлгермедік, міне тағы да... Біздің көзқарасымызша, теңге бағамына қатысты оның айтқандары өте сәтсіз шыққан әрі кәсіби деңгейге мүлде сай келмейді. Біріншіден, Ұлттық банктің ресми өкілі ретінде теңге бағамына қатысты нақты мағынада білдірген оның пікірін ауызша жасалған интервенция деп бағалауға болады.  Бұл халықтың ақша бағамын айқындаушы қазіргі режимге деген сеніміне селкеу түсіріп қана қоймай, сонымен қатар осы процесті жігін жатқызып, тігісін келістіріп жанталаса тер төгіп жатқан реттеуші органның барлық еңбегін "девальвациялай" салған секілді әсер қалдырадыЕкіншіден, Тутушкин мырзаға деген аса құрметпен басай айта кетейін, теңгенің айырбас бағамы сыртқы факторларға ғана емес, соңғы жылдары белең алған ішкі валюталық шектеулер мен "жанама" интервенциялар сынды одан да маңызды факторларға тәуелді", делінген жазбада.

Айта кетсек, бүгінгі таңда еліміздегі ақша айырбас орындарында орташа бағамда 1 АҚШ доллары 500 теңгеден сатылуда.

Сарапшы Айбар Олжай қараша айында доллардың күш алуына түрткі басты факторларды атады.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы қаржы нарығына қатысушылар арасында жүргізген сауаланама нәтижесіне сәйкес, 2025 жылы қараша айында бір АҚШ доллары 507 теңге болуы мүмкін.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те соңғы кездері күш алған долларға қатысты өз пікірін білдірген болатын.

Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков 1 АҚШ долларының нақты құны 600 теңге болуы тиіс екенін, бірақ оны Ұлттық банк тежеп ұстап отырғанын айтады.


Рекомендовать
Последние новости