Сыртқы істер министрлігі Украинадағы қазақстандықтарға шұғыл үндеу жасады

Көркем Алдабергенова 20 нояб. 2024 16:23 233

Қазақстанның Украинадағы елшілігі қазақстандықтарға маңызды ақпарат таратып, үндеу жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Елшілік Украинада жүрген Қазақстан азаматтарына елден кетуге кеңес берді.

"Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылы жиілеуіне байланысты қауіпсіздік мақсатында Қазақстанның Украинадағы елшілігі Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүргізіліп жатқан жерлерге жақын аумақтардан немесе Украинадан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады", - деп жазылған елшілік хабарламасында.

Елшілік азаматтарды әуе шабуылы туралы ескертуге құлақ асуға, және дереу баспаналарына баруға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми органдардың ұсыныстарын орындауға шақырды.

"Украинадан Қазақстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтары жерүсті бағыттарын: Польша немесе Молдова арқылы, одан әрі коммерциялық әуе қатынасын пайдалана алатынын ескереміз. Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарында Шенген визасы болуы керек. Молдоваға кіру үшін виза қажет емес", - деп жазылған хабарламада.

Елшіліктің консулдық бөлімінің байланыс телефондары: +38(044) 4831596, +38(044) 4891031. Қазақстан азаматтарына арналған сенім телефоны (төтенше жағдай кезінде): +380673470408.


Рекомендовать
Последние новости