Олигарх Өтемұратовтың қысымына ұшыраған құрылысшылар Президенттен көмек сұрады

Қаракөз Амантай 19 нояб. 2024 11:49 171

Құрылысшылар тобы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, олигарх Әлидар Өтемұратовтың заңсыз әрекетінен қорғауды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жәбірленушілердің үндеуін КазТАГ редакциясы жариялады. 

“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз – Омаров Данияр Талғатұлы, Бажежа Александр Викторович және тағы төрт әріптесіміз бір-бірімен етене байланысқан олигархат пен құқық қорғау органдарының құрбаны болып отырмыз. Әлидар Өтемұратовтың қол астындағылар бізге қарсы 1,5 млрд теңге көлемінде жалған қылмыстық іс қозғауда”, – деді Омаров пен Бажежа Тоқаевқа жолдаған бейнеүндеуінде.

Айтуларынша, үш жыл бұрын олар Алматыда Әлидар Өтемұратовтың отбасына вилла салумен айналысқан.

“Барлық мердігер мен олардың атқаратын жұмысын вилла иесімен тікелей ақылдасып отырдық. Барлық жұмыс келісімшартқа сай уақытында аяқталып, техникалық және авторлық бақылаудан өткен болатын. Алайда бізді 1,5 млрд теңге жымқырды деп айыптап отыр. Біріншіден, бұл сома объективті және кәсіби есептеулермен расталмаған. Сондықтан сандарды ойдан шығарған деп есептейміз. Екіншіден, біз бұл сомаға мүлдем қол сұқпадық, ақша түрінде де, басқа түрде де. Үшіншіден, мердігерлердің барлық шығынын Әлидар Өтемұратовтың өзі бекітіп отырды. ЖШС серіктестігінің өз қаражаты болмаған. Мердігерлерге төлемдер тек Өтемұратов келісім берген сомада түсіп, оларға жіберілді”, – деді олар.

Құрылысшылардың сөзінше, тағылған айыптаулардың негізсіз екенін дәлелдейтін құжаттар да бар.

“Біздің ойымызша, аталған істің негізінде жатқан сот-құрылыс сараптамасы жалған. Іс материалдарының өзінде сараптама жүргізілген кезде нысандардың бұзылып кеткені көрсетілген. Яғни, олар жоқ. Ендеше, жоқ нәрсені қалай зерттеуге болады? Ең маңыздысы – полиция Әлидар Өтемұратовтың ықпалды адам екенін меңзей отырып, біздің қамауға алынатынымызды астарлы түрде ескертіп отыр. Құқық қорғау және қадағалау органдарының кейбір жоғары лауазымды өкілдері істі Өтемұратовтың пайдасына шешу туралы тапсырма алған секілді. Іс негізінде азаматтық деңгейде қаралуы тиіс, бірақ тергеу біржақты жүріп жатыр. Сондықтан сізден көмек сұраймыз, Қасым-Жомарт Кемелұлы!” – деп мәлімдеді құрылысшылар.

Олар өздерінің кінәсіз екенін және кез келген сұраққа жауап беруге дайын екенін айтты.

“Біз кез келген сұраққа жауап беруге және кез келген әрекетіміз үшін есеп беруге дайынбыз. Бізге тек әділдік қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары өте асығыс. Себебі олар Өтемұратовпен байланысты болуы мүмкін. Әділдік орнатуға көмектесуіңізді сұраймыз!” – деп құрылысшылар Тоқаевқа үндеу жолдады.

Айта кетейік, Әлидар Өтемұратов - қазақстандық бизнесмен. Цифрлық сервистер мен мобильді қосымшаларды әзірлеумен айналысады. Телекоммуникация, тау-кен, содан кейін банк және финтех секторларының корпорацияларында жұмыс істеген. Белгілі қазақ олигархы Болат Өтемұратовтың ұлы.

Ал Болат Өтемұратов "Верный капитал" инвестициялық тобының басқаруындағы жобалардың негізгі инвесторы және атаулы қайырымдылық қорының қызметіне жетекшілік етеді. Сондай-ақ ол Қазақстан теннис федерациясының президенті және Халықаралық теннис федерациясының (International Tennis Federation) вице-президенті. Оның есімі АТФ банк, Темірбанк, Альянс банк, Kassa Nova, ForteBank атауларымен қатар жиі аталады.

2023 жылы Forbes нұсқасы бойынша оның дәулеті 2,7 млрд долларға бағаланды. Өтемұратов ForteBank акцияларының 83,41%-ына ие. Сондай-ақ KaR-Tel (Қазақстандағы Beeline операторы), алтын өндіруші RG Gold компаниялары, Астана мен Венадағы Ritz-Carlton қонақ үйлері, Мәскеудегі The Carlton, Rixos Borovoe компаниясы акцияларында да оның үлесі бар.


Рекомендовать
Последние новости