Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Biz Birgemiz қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистер қордың құрылтайшыларының қатарында 10 адамның болғанын және олардың басым бөлігі партия мүшелері екенін атап өтті. Осыған байланысты шенеунікке “Бұл жағдай Amanat партиясының және қайырымдылық институтының беделіне нұқсан келтірмей ме?” деген сауал қойды.
“Бұл жаңалықты егжей-тегжейлі зерттемедім. Өкінішке қарай, мені аса таңғалдыра қойған жоқ. Соңғы күндердегі қарбаласқа байланысты назарымнан тыс қалды”, – деп жауап берді ол Ulysmedia.kz агенттігіне.
Сондай-ақ шенеуніктерге әлеуметтік желідегі сән-салтанатқа толы жазбаларынан кейін тексеру жұмыстары жүргізіле ме деген сұрақ қойылды.
Бұған Жұманғарин: “Әркім өз жұмысын атқарып жатыр”, – деп қысқа қайырды.
Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.
Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.
Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша қосымша ақпаратты жариялады. Агенттік Перизат Қайраттың Палестинаға деп ақша жинап, 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырғанын растады.
Сонымен қатар Biz Birgemiz қорында Перизат Қайраттан бөлек 10 құрылтайшы бар екенін Dalanews.kz "Ұлысмедиаға" сілтеп хабарлаған еді.
Ресми ашықдереккөздердегі мәлімет бойынша, қордың алғаш Астана қаласының Әділет департаменті 2021 жылы қарашада тіркеген. Қордың толық атауы – "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі.
Қордың құрылтайшыларының тізімінде Перизат Қайраттың өзімен қосқанда 10 адам бар. Олар:
- Матюшенко Сергей Владимирович
- Мағзұм Арсланбек Талғатұлы
- Тұрғанбай Шадияр Докторұлы
- Аманбай Аружан Оразбайқызы
- Болысов Тохтар Коммунарович
- Хисматуллин Дамир Сакенович
- Серикжанова Айгерим Тельжановна
- Сейткамал Гүлназ Нұрланқызы
- Хафиз Аян Бауыржанұлы.
Тізімдегі құрылтайшылардың біразының есімі Amanat партиясымен байланысты. Мәселен, Сергей Матюшенко партияның Астана қаласы Байқоңыр аудандық филиалының атқарушы хатшысы. Елордалық Азаматтық альянсты директоры болғанын әлеуметтік желіде жазады. Өзін желіде қазақ тілін білетін украин деп таныстырады.