Даниал Ахметов: "Зайсан? Бірде-бір шетелдік шекарадан өтпейді" (видео)

Dalanews 20 февр. 2020 08:12 872

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов шетелдік азаматтар үшін Қытаймен арадағы шекара жабық деп мәлімдеді.




Күршім ауданына жоспарланған сапарын кейінге шегерген өңір басшысы шекарадағы ахуалға алаңдаған Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесіп, шекараны бірде-бір шетелдік кесіп өтпейтінін айтты. 

"Қытаймен арадағы шекара жабық. Барлығыңызды сабырға шақырамын. Қытайдан келген бес адам өз азаматымыз. Студент жастар. Біз оларды шекараны ашпай, шеттетіп жібергеніміз дұрыс болар ма еді? Олар бірден карантинге жабылды, өзгелерден оқшауланды.


Олардың дені сау, қауіпті індет жұқтырмаған. Қытайдан келген жерлестерімізді шекарада медицина мамандары жіті тексеруден өткізеді. Егер дене қызуы қалыпты болса, тұмау мен жөтелі болмаса бұл азаматтар еліміздің Бас санитарының бұйрығына сай бақылау бөлмесіне орналасады. Дәрігерлер 14 күн бойына олардың жағдайын бақылайды. Стационардан шыққаннан кейін де тағы 10 күн бақылауда ұстайды. Егер Қытайдан келген азаматта қауіпті вирустың белгілері байқалса бірден инфекциялық ауруханаға жатқызады. Олар бірден оқшауланады. Алаңдамаңыздар. Вирустың таралуына жол бермейміз. 

 Мен бұл араға 3 күннен кейін қайтып келемін. Жағдай тікелей менің бақылауымда болады", – деді Даниал Ахметов. 

Жергілікті жұрт өз кезегінде: "Өз азаматымыз болса қарсы емеспіз, тек шетелдіктерді кіргізбеңіздер", – деген талап қойды. 

Айта кетелік әлеуметтік желіде "қауіпті індет жұқтырған қытай азаматтары Зайсанға жеткізіліп, жергілікті ауруханаға жатқызылды" деген қауесет тарап кетті. Мұны естіген Сартерек және Айнабұлақ ауылының халқы көшеге шығып, жергілікті әкімдіктен мән-жайды түсіндіруді және шекараны жабуды талап еткен. 

Бұл мәліметті облыс әкімдігі жоққа шығарды. 



"Зайсан ауданындағы ауруханаларға коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары жатқызылды деген ақпарат жалған. Облыс әкімі Даниал Ахметов жұртты тыныштандыру үшін Зайсанға келді. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын еске саламыз", - дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кеше өңір жұртшылығына есеп берген Даниал Ахметов өңірде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін жедел штаб құрылғанын айтқан. 


Есеп беру кезінде Зайсан ауданының тұрғыны Бақыт Сырбаева шекарадағы жұрт Қытайда тараған қауіпті вирустан қорқып отырғанын жеткізген еді.

Ахметов бүгінгі таңда жағдайдың қатаң бақылауда екенін айтып, халықты сабырға шақырды.

"Елімізде бұл инфекцияны жұқтырған ешкім жоқ. 17 ақпаннан бастап Қытайдан келген әрбір азамат 2 аптаға обсервациялық бақылауға жатқызылады. Өңірдің медициналық мекемелерінде коронавирусқа қарсы препараттар қоры жеткілікті. Баршаңызды үрейленбеуге шақырамын. Жағдай қатаң бақылауда", - деді Даниал Кенжетайұлы.

Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше Семей және Өскемен қаласында физиопульмоногиялық стационарларда 110 төсек-орын дайын тұр. Қажет болған жағдайда Шемонаиха ауданының "Үлбі" емдік-сауықтыру кешенінде 250 орынға, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының туберкулезге қарсы диспансерінде 100 орынға және Алтай ауданы "Грехово" емдік кешенінде 80 орынға арналған обсервациялық стационарлар әзірленеді.

Облыс бойынша қауіпті індет тараған жағдайда 1023 инфекциялық төсек-орын әзір тұр. Медициналық ұйымдарда бетперде, медициналық қолғап, қорғаныс кәстүмдері мен дәрі-дәрмек жеткілікті.

 

https://youtu.be/xvCq-J9bhnI

Рекомендовать
Последние новости