Буаз киікті атып жатқандар, сіздер обал мен сауапты білесіздер ме? - депутат

Dalanews 24 янв. 2024 06:52 1641

Депутат Ерболат Сатыбалдин даланың киесі болған киіктердің мәселесін көтеріп, заңсыздықтарды әшкере етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат еліміз кейінгі 25 жылда қазақ сахарасының сәні болғанын ақбөкенді қорғауға бар күшін салғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, кезінде 2 миллионға дейін өскен киіктің саны 2003 жылы 21 мың басқа кеміп кеткен. Сайын даланың сәні болған ақбөкенді қорғау үшін “Алтын дала”, “Бөкейорда”, “Ащыөзек мемлекеттік қаумалы” т.б, қорықтар құрылып, ақбөкен популляциясы қалыпқа келген.

"Осы бағдарламалар негізінде еті мен бағалы мүйізі үшін сан мыңдап қырып, даламызды қан сасытқандардың қызметін тоқтаттық. Өткен жылдан бері "киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі" деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді.

Алайда құзырлы орындар "азайту дегенді аяусыз қыру" деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы "Охотзоопром" ӨБ" қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған", - дейді депутат.


Сатыбалдин сайғақтардың популляциясын шаруаларға зияны тимейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеуді ұсынды.

"Охотзоопром" ӨБ" қызметкерлерінің жасаған бұл қадамына құзіретті орындар құқықтық бағасын беру керек. Себебі бұл мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармағаны белгілі болды.

  • Регламент бойынша, бірінші, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек.

  • Екінші, ақбөкендердің популляциясын шектеу шараларын орындау жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек.

  • Үшінші және ең бастысы ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары жүзеге асырылмау керек", - деді депутат.


Сурет: Depositphotos 

Рекомендовать
Последние новости