Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас бірлік керек - Тоқаев

Азамат Қойшығара 15 мар. 2024 15:37 2187

Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи оқиғаларды тізбелеп, дау қуатындарды сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды", - деді Президент.

Оның пайымынша, дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ.

"Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп", - деді Президент басқосуда.

Ол «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтылмағанын еске салды.

"Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек", - деді содан соң.


Рекомендовать
Последние новости