Атырау облысында жемқорлардың ақшасына мектеп салынады

Қаракөз Амантай 25 нояб. 2024 13:02 743

Атырау облысында жемқорлардан қайтарылған ақшаға мектеп салынатын болды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда.

Үкімет Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектептің құрылысына 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналары 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан С. Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елді мекендерге қатынап оқиды.

"Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады.

Осыған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салу, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын", - делінген Үкімет хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстанда оқу жылы басталғалы бері 150 мың оқушыға арналған 100-ден аса жаңа мектеп пайдалануға берілді. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа ашылған мектептің нақты саны – 106.

“Оның 33-і жайлы мектеп. Онда 90 мыңға жуық оқушы оқи алады. Олар бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған жеке блоктармен, заманауи техникалық қауіпсіздік құралдарымен, ерекше білім беру қажеті бар балаларға арналған кедергісіз ортамен, бірнеше спорт залмен, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталған", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.

Осы жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

"Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтан түскен қаражат есебінен білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының желісі бойынша тағы 18 мектеп ашылды", - дейді ведомство. 

Қалған 55 мектеп республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ инвестиция тарту есебінен ашылады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.


Рекомендовать
Последние новости