Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жарғылық органдарының отырысы аясында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сұхбат барысы әскери ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етуінің басым бағыттарын іске асыру төңірегінде болды.
Тараптар ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына және Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Ұйымның қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысына дайындық мәселелерін де қозғады.
Айта кетейік, бірлескен шаралар 28 қарашада Астанада өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Мәскеуде өткен ТМД елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 12-отырысына қатысқан ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлемдік және ҰҚШҰ шекараларындағы бірқатар қауіп-қатерге назар аударған еді.
- Батыс Еуропа аумағында алыс қашықтықтағы қаруды орналастыру туралы қабылданған америкалық-германдық шешім құрлықта және тұтастай алғанда, әлемде ядролық-зымырандық қаруланудың қайта жандану қаупін тудырған;
- Беларусь пен Ресей Федерациясының шекараларында НАТО қарулы күштері мен ақпараттық соғыс орталықтарының шоғырлануы жалғасып жатыр. Финляндия мен Швеция Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылғаннан кейін стратегиялық жағдай нашарлаған;
- Ресеймен қарулы қақтығысты жалғастыру үшін Украинаға экономикалық, қаржылық және әскери қолдау артып барады. Үлкен аумақтарда, соның ішінде ұрыс аймағынан тыс жерлерде апатты салдарға әкелетін атом электр станцияларындағы төтенше оқиғалардың қаупі бірнеше есе артқан;
- Жасанды интеллектті әскери мақсатта пайдаланудың қарқынды дамуы, өлімге әкелетін автономды қару жүйелерінің (LAWS) жаппай өндірісі және оларды пайдалануды нақты реттеудің жоқтығы сияқты халықаралық тұрақтылыққа қатысты мәселелер күшейе түскен.
Сондай-ақ ол ҰҚШҰ-ның ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанына сендірді.