Путин Қазақстанда “маңызды құжаттарға” қол қоймақ

Қаракөз Амантай 22 нояб. 2024 16:28 1866

Ресей президенті Владимир Путин Астанаға “маңызды құжаттарға” қол қою үшін келеді. Оның сапары 27 қарашаға жоспарланған,  деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты кездесу барысында мәлімдеді.

“Біздің елшілік пен үкімет те белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бұл сапардың маңызы зор. Себебі аса маңызды келісімдер талқыланып, маңызды құжаттарға қол қойылады. Сапар аясында басқа да шаралар жоспарланған. Владимир Владимировичтің Қазақстанға мемлекеттік сапары ең жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін”, – деді Әшімбаев.

Сонымен қатар Путиннен кейін Валентина Матвиенко да ресми сапармен келмек.

Сапар барысында екі тарап парламенттердің жоғарғы палаталары аппараттарының басшылары арасындағы келісімге қол қоюы мүмкін.

Валентина Матвиенконың айтуынша, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары “Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасындағы басты оқиғаға” айналмақ.

“Бұл оқиға көпжақты, өзара тиімді және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығының болашақ бағытын айқындайды. Әрине, бұл біздің парламенттік қарым-қатынасымызды да қамтиды. Сапардың нәтижесін мұқият бақылап отырамыз. Мемлекеттік сапардан кейін өзара талқылап, парламенттік қызметімізді қалай құру керегін анықтайтын мүмкіндік болады”, – деді Валентина Матвиенко.

Ресей президентінің мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған. Биыл шілде айында Владимир Путин Астанаға келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқан болатын.

Еске салайық, күні кеше Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы қақтығыстың ғаламдық сипатқа ие болғанын мәлімдеген еді.

Осылайша Ресей президенті Украинамен қазіргі қарым-қатынастың жағдайын сипаттады. Бұған дейін ол Украина 19 және 21 қарашада Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға батыстық зымырандармен соққы жасағанын растаған еді.

Оның айтуынша, Ресей күштері бұған жауап ретінде соққы берген, оның ішінде тәжірибелік қару қолданылған. РФ “Орешник” ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен Оңтүстік машина жасау зауытына және Украинаның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің нысанына біріктірілген соққы жасаған.

Путин Ресей эскалацияға жауап беретінін және өзінің нысандарына шетелдік қаруды қолдануға рұқсат берген елдердің нысандарына қару қолдануға құқығы бар деп есептейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, ол Ресей “Орешник” сияқты жүйелермен соққы жасайтын кезде Украинаның бейбіт тұрғындарына қауіпті аймақты алдын ала тастап шығуды ұсынатынын айтты.

Қорыта айтқанда Путин мәлімдемесінде: 

  • "Украина Батыстың алысты көздейтін зымырандарымен Ресейге соққы жасады"
  • "Курскі және Брянскі облыстарына қарата америкалық ATACMS-тар атылды. Бірақ олар көздеген мақсаттарына жетпеді. Біздің ӘШҚҚЖ қағып түсірді"
  • "Онан соң Ұлыбританияның алысты көздейтін Storm Shadow зымырандары атылды. Олар да нәтижесіз болды"
  • "Мамандар біледі. Бұл зымырандарды Батыстың, өндіруші елдің көмегінсіз ату мүмкін емес"
  • "Біз ескерттік. Алғаш рет заманауи һәм теңдессіз континентаралық “Орешник” балистикалық зымыранымен Украинаның Днепріне соққы жасадық. Бұл біздің жауабымыз!"
  • "Біз осы және осындай жаңа әрі заманауи зымырандарды қолданарда халыққа алдын ала ескертеміз!"
  • "Бұл жолы біз ядролық оқтұмсықтар қолданбадық"

Рекомендовать
Последние новости