Араб жазуы бар тумен суретке түскен төртінші қызға сот үкімі шықты. Күні кеше суреттегі тек үш қызға сот үкімі шыққан болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Суреттегі төртінші қыз А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды (ұсақ бұзақылық).
Сотта 23 наурызда кәмелетке толмаған А. басқа үш қызбен бірге Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында араб тіліндегі жазуы бар Қазақстан Республикасының туымен суретке түсіп, оны әлеуметтік желі арқылы таратып, ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды.
Суреттегі қыздың әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі әкімшілік құқық бұзуышылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, баянатпен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
Сот қаулысымен кәмелетке толмаған А.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Күні кеше суреттегі үш қызға сот үкімі шыққан болатын.
- Н.-ға жауаптылығын ауырлататын мән-жайды ескере отырып (кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту; адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы), 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
- А.-ға әкімшілік жаза ретінде 78 640 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
- Кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Суреттегілер Сауд Арабиясы туының элементтері бар Қазақстан Туын ұстап тұрғаны көрінеді. Ал сурет Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілген.