Белгілі қаржы сарапшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының Ресейге сатылуы мүмкін екеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Рысмамбетов егер қазірден бастап жөндеу жұмыстарын бастамасақ, кейін оны бюджет есебінен «жамауға» тура келетінін айтты.
"Бұл жерде ешқандай серпіліс болмайды. Жаңа технологиялар туралы ұмыта тұра беріңіз. Мен де бұл жағдайға қынжылдым. Таныс-тамырлармен сөйлестім. Сөйтсем, бұл келісімге байланысты негізінен заңгерлер мен менеджерлер наразы екен. Ал инженерлер онша шуламайды. Неге?", дейді Расул Рысмамбетов.
Оның сөзінше, мұның екі себебі бар:
Біріншіден, Қазақстанда осы салада толық өндірістік циклді түсінетін инженерлер өте аз.
"Иә, бар, бірақ олар көбіне тек бар жабдықты ұстап тұрумен айналысады. Жаңа технологиямен, жаңа құрылғымен жұмыс істеуді білетіндер аз. Ал ондай мықты инженерлер болса, олар баяғыда шетелге кетіп қалған. Қазір жақсы лауазымдарда сол жақта жұмыс істеп жүр", дейді қаржыгер.
Екіншіден, инженерлер «Татнефть» жаман серіктес емес екенін түсініп отыр.
"Егер біз АМӨЗ-ді «Татнефтьтің» көмегімен қалпына келтіріп, артынша төртінші мұнай өңдеу зауытын (шетелдік технологиямен) салуға кіріссек – бұл үлкен жетістік болар еді", дейді Рысмамбетов.
Сонымен қатар, қаржыгер стратегиялық нысандардың сатылуына қатысты пікір білдірді.
"Стратегиялық нысандарды сатқанымыз жақсы ма? Әрине, ол дұрыс емес. Бірақ одан шығатын жол бар ма? Бар. Ол – өз инженерлерімізді даярлау. Бізде ондаған жылдар бойы сұраныс болмаған мамандар керек боп тұр", дейді маман.
Қаржыгердің сөзінше, Қазақстандағы көптеген нысан осы күйді кешіп отыр.
"Мысалы, металлургтер ESG бағдарламасы аясында зауыттарын жаңартқысы келген. Бірақ олар бұл процесті мемлекет есебінен және жеңілдетілген бағамен жасағысы келді. Ал шынтуайты мынау – біздегі көптеген инфрақұрылым шіріп тұр, кез келген күні істен шығуы мүмкін.
Кейбір ЖЭО-ларда (жылу электр орталықтарында) ұзақ жылдар бойы істеген "Серік аға" немесе "Михалычтар" 78-80 жасында зейнетке шығып кетеді де – орнында ешкім қалмайды, бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін ешкім түсінбейді", дейді қаржыгер.
Расул Рысмамбетовтің сөзінше, мемлекеттік аппаратта да дәл осындай жағдай байқалады. Бірақ ол жерде бұл көзге онша көрінбейді.
"Шешімі қандай? Шешім – жоқ. Мемлекеттің сапасын баяу, бірақ тұрақты түрде қалпына келтіру.
Баяу реформалар, өйткені реформалар қабылданса, оқиға «қаңтармен» аяқталуы мүмкін. Машинаны тез айдау үшін – үлкен тәжірибе керек. Бірақ соның өзінде жол апатына түсетіндер бар.
Осылай ел боламыз. Мен өз болжамымды өзгертемін: 5 жылдық қиын өмір емес, енді 7–10 жыл қиын өмір деп есептеймін. Бірақ алғашқы нәтижелерді 2–3 жылдан соң көре бастаймыз. Жеңіске жылдам жету мүмкін емес. Бәрі қиын жол арқылы келеді", деп сөзін түйіндеді қаржыгер.