Ақтөбеде мектеп асханаларынан былық шықты

Қаракөз Амантай 24 апр. 2025 14:17 236

Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесі қалалық мектептердің 80 пайызындағы асханаларға мониторинг жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Бұл бұзушылықтар санитарлық талаптардың сақталмауы мен тағам өнімдерінің жеткіліксіз берілуі сияқты мәселелерге қатысты болды. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде қоғамдық кеңес мүшелерін заң талаптарын бұзды деп айыптап, бақылаушы органдарға шағым түсірді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ratel.kz мәліметінше, тексеріс кезінде бір мектептің асханасында еттің порциясы 90 граммның орнына небары 32 грамм болғаны анықталған. Басқа мекемелерде санитарлық кітапшалардың болмауы, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жуғыш заттардың қолданылуы, ыдыс жуу тәртібінің сақталмауы сынды деректер тіркелген. Кейбір жалға алушылар комиссияның кіруіне кедергі келтіріп, кейіннен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы мен прокуратураға шағымданған.

Кәсіпкерлер атынан пікір білдірген ҚР Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы Қоғамдық кеңесті кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деп айыптады. Олардың пікірінше, кеңес санитарлық қызметтің өкілеттігіне қол сұғып, Кәсіпкерлік кодексті бұзған.

Қауымдастық өз уәжін Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен негіздеп отыр. Бұйрыққа сәйкес, мектептегі тамақ сапасын бақылауды мектеп әкімшілігі мен ата-аналар комитетінен құралған ішкі комиссия жүзеге асыруы тиіс.

Ал Қоғамдық кеңес ешқандай заң бұзбағанын мәлімдеді. Кеңес төрайымы Тәттігүл Талаева тексеру жұмыстары жалға алушылардың келісімімен жүргізілгенін және оның мақсаты – бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік қызмет – мектептегі тамақтың сапасын бағалау екенін атап өтті.

"Біз тек мектептегі асханаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын тексердік. Бұл – бюджеттік қаржы есебінен атқарылатын қызмет. Ал жеке кәсіпкерліктің ішкі шаруасына араласқан жоқпыз", – деді Талаева.

Оның айтуынша, бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыруға бюджеттен 6,8 миллиард теңге, әлеуметтік осал топтағы балалардың тамағына – 1,7 миллиард теңге бөлінген.

Талаева кәсіпкерлердің мектеп асханаларына айтарлықтай инвестиция құймағанын алға тартты. Дегенмен, 2023–2024 жылдары өңірде мектеп асханаларын жабдықтауға 300 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Сонымен қатар оның айтуынша, жалға алу ақысы төмен, ал бір мектептің өзінен түсер табыс ай сайын 100 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қоғамдық кеңес дерегіне сүйенсек, бір кәсіпкер 20 мектептің, екіншісі – 13 мектептің асханасын жалға алған.

"Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет (СЭС) мектеп асханаларын тек тамақтан улану оқиғасы тіркелген жағдайда ғана тексере алады. Сонда міндетті түрде біреу улануы керек пе? Басқа жағдайда санитарлық дәрігердің өзі Кәсіпкерлік кодексін бұзды деп жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл – дұрыс па?", – деп күйінді Талаева.

Қоғамдық кеңес мүшелері Ақтөбе мектептерінде Қостанайдан жеткізілетін ультрапастерленген сүт кеңінен қолданылып отырғанына да назар аударды. Бұл ретте өңірде жаңа сауылған сүт өндіретін екі зауыт жұмыс істесе де, олар мектептермен жұмыс істемей отыр.

"Жергілікті өндірушілер жаңа, пайдалы сүт өнімін жеткізуге дайын. Бірақ оларға ешкім көңіл бөлмей отыр. Бұл мәселеге жергілікті "Атамекен" де мүдделі емес сияқты", – деді Талаева.


Рекомендовать
Последние новости