Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов онлайн білім беру саласына қатысты тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, егер сатып алынған онлайн курс уәде етілген нәтиже бермесе, тұтынушы ақшасын қайтарып алуға және қызмет көрсетушіден айыппұл талап етуге толық құқылы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Егер курс сатып алып, айына миллион теңге табасың деген жарнамаға сеніп, бірақ нәтижеге қол жеткізе алмасаңыз — міндетті түрде курс авторына хабарласуыңыз керек. 10 күн ішінде жауап болмаса, жауап бермегені үшін айыппұл салынады. Бұл — заңмен реттелген жағдай”, — деді депутат.
Әбеновтың айтуынша, тұтынушы барлық хат-хабарламаны, видеожазбаларды, скриншоттарды сақтау арқылы өз уәжін дәлелдей алады. Бұл материалдар сотта заңды дәлел ретінде қарастырылады.
“Мен алданып қалдым, ештеңе істей алмаймын» деп қол қусырып отыруға болмайды. Әрбір азамат заң аясында өз құқығын қорғай алады. Егер курс авторы 10 күн ішінде жауап бермесе, тұтынушының пайдасына айыппұл өндіріліп беріледі”, — деп атап өтті депутат.
Бұл бастама онлайн курстар нарығында тұтынушылар құқығының қорғалуын күшейтіп, сапасыз контентпен күресте тиімді құрал болмақ.