Ақтөбе қаласында үш ірі нысанның — драма театры, стадион және көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталды. Бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz
Аталған нысандар облыс орталығындағы «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының құрамына енеді. Жалпы аумағы 165,8 гектарды құрайтын жаңа кешен қаланың сәулеттік келбетін түрлендіріп, ақтөбеліктер мен қала қонақтары үшін заманауи мәдени, спорттық және демалыс аймағына айналмақ.

Облыс әкімі Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет құрылыс алаңында болып, жобаның барысымен танысты. Азамат Бекеттің айтуынша, орталықта 700 орындық облыстық драма театры, 34 980 көрерменге арналған футбол стадионы және 5 000 орындық көпфункционалды спорт кешені салынады. Сондай-ақ мұнда қонақүйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, білім беру мекемелері және Қазақстан картасының пішінін бейнелейтін ерекше «Алтын орда» саябағы бой көтермек.

Барлық нысандар өзара үйлесімді бір кешен ретінде біріктіріледі. Орталық айналасында демалыс пен серуендеуге арналған кең абаттандырылған аймақтар жасалып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылады.
Жоба туристік кластер ретінде де қарастырылған. 59 гектар аумақта демалыс саябағы орналасады, ал бизнеске арналған жер телімдері арнайы комиссия шешімімен бөлінбек. Бұл өз кезегінде аумақтың инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, құрылыс алаңының орналасуы тиімді таңдалған.
«Жер телімі қаланың дәл ортасында, инфрақұрылымы дайын «Алтын орда» шағын ауданында орналасқан. Бұл логистика жағынан да, шығын тұрғысынан да тиімді. Алдағы жылдары Ақтөбеде заманауи спорт аренасы пайда болып, болашақ чемпиондар осы жерде жаттығатын болады», — деді өңір басшысы.
Құрылыс басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев қазіргі таңда барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай жүріп жатқанын хабарлады. Драма театрының іргетасы қаланып, спорт кешенінде алаң дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Ал болашақ стадионның аумағы толық қоршалып, құрылысқа дайындық кезеңі жүргізілуде.
Ақтөбеде бой көтеретін жаңа «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығы — өңірдің мәдени және спорттық өмірінің жаңа кезеңін бастайтын стратегиялық жоба болмақ.
