Ақтауда 43 млрд теңгеге контейнер хабы салынады

Dalanews 30 мая 2024 10:35 3798

ҚТЖ Ақтау портында контейнер хабын салады. Бұл жұмысты Қытайдағы ірі порт топтарының бірі — Ляньюньганмен бірлесіп атқарады деп хабарлайды «Қазақстан темір жол тасымалы» баспасөз қызметі.

KTZ Express бас директоры Дамир Қожахметов Қытайда іс-сапармен барғанда Ляньюньган портының басшылығымен кездескен еді. Қос тарап бірлесіп порт салу туралы ақылдасқан.

«Контейнер хабы Ақтау порты арқылы түрлі бағытта контейнер жүктерін өңдеп, тасымалдауға қатысты шаралар кешенін жүргізуге керек инфрақұрылым жасауға жол ашады. Сонымен бірге Каспий өңірі мен Орталық Азия елдері үшін контейнерлік ағын және сервис қалыптастыруға септігін тигізеді» делінген хабарламада.

Сәуірдің соңында Қазақстанда теңіз инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған еді. Соған сәйкес, контейнер хабын салу жұмыстары биыл басталып, 2025 жылы пайдалануға берілуі керек болған. Хаб құрылысына 43,4 млрд теңге бөлінеді. Бірақ ол қаражат бюджеттен болмайды.

KTZ Express қытайлық портпен бұған дейін де бірге жұмыс істеп көрген. Атап айтқанда, көлік логистика саласында екі жобаны іске асырған: Хоргос құрғақ порты мен Ляньюньган портындағы терминал. ҚТЖ-дағылардың айтуынша, екі ел арасындағы логистикалық процестер оңтайланып, Қазақстан арқылы транзитпен жүк жібергенде де жақсы бола түседі.


Рекомендовать
Последние новости