Назарбаевтың туыстары сырттан елді бақылап отыр - сарапшы

Сағыныш Сардарова 29 мая 2024 11:31 6686

Экономика саласындағы сарапшы Мақсат Халық шетелден активтерді елге қайтару мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, қазір шетелге кеткен активтерді қайтару бойынша заң қабылданып жатыр.

"Соған байланысты арнайы комиссия құрылады, шот ашылады деді. Комиссияның тізімі әлі анықталған жоқ. Қазақстан Прокуратурасы жауапты болады деді. Бірақ барлығы құпия өтіп жатыр. Қай ақша қайдан келіп жатқаны, қалай кетіп жатқаны түсініксіз. 1 триллион теңге қайтарылды деген статистикалар шығады. 1 триллион теңге қайтара алдық. Бұл ұлттық қорға аударылып жатқан жоқ. Мемлекеттік бюджетке тартылады деп айтылады. Бірақ біз қайтқан ақша қайда жұмсалып жатқанын көріп жатқан жоқпыз. Сол есептер бізге керек және ол халыққа ашық айтылуы керек. Халық қанша ақша келгенін, кім қанша ақша қайтарғанын көріп отыруы керек. Бірақ бізде әлі күнге дейін әрбір жерде адами факторлар бар. Жасанды интеллект шықты. Шешімді көбіне жасанды интеллект жасасын. Ол жерде "анау менің бауырым еді, мынау біздің туысқанымыз еді" деген нәрселер болмайды. Жаңа технологиялар болса, ашықтыққа тез келеміз деп ойлаймын.

...Қазіргі уақытта статистикада 200 млрд доллар көлемінде қаражат шетте жүр деген ақпарат бар. Бір деректерде 500 млрд долларға дейін баруы мүмкін дейді. Нақты санын ешкім білмейді. 200 млрд доллар деген - тұтас Қазақстанның бір жылдық жалпы ішкі өнімі. Бір Қазақстан шетте жүр деген сияқты. Егер де ол қаражатты елге келтіре алсақ - онда Қазақстанның қазіргі күйін екі еселей алуға болады деген сөз", - деді сарапшы Barys Media-ға.

Сонымен қатар, сарапшы Назарбаев әулеті бұл мәселеге қаншалық жауап беріп жатқанын айтты.

"Кім сұралып жатыр?" деген сұраққа қарайықшы. Назарбаевтың алыс туысқандары сұралып жатыр. Жақын туысқандары ше? Ешкім сұралып жатқан жоқ. Араб елдерінде жүр дейді, көріп отырмыз. Сырттан елді бақылап отыр. Назарбаев қорлары әлі күнге дейін толық циклде жұмыс істеп тұр. Осындай үрдістерді көрген кезде бұрынғы 162 адам әлі сол отыр деп айтуға болады", - деді Мақсат Халық.


Рекомендовать
Последние новости