Мирзиёев Өзбекстанда АЭС салу бойынша құжатқа қол қоймақ

Қаракөз Амантай 27 мая 2024 16:55 3266

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесу барысында елде АЭС салу жөніндегі құжатқа қол қоятынын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Путин мемлекеттік сапармен Өзбекстанға келді. Мұнда екі ел арасында салмақты келіссөздер жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, мемлекет басшылары Өзбекстанда салынатын АЭС құрылысына байланысты өзара ымыраға келді. 

"Бүгін біз Өзбекстанда қуаттылығы аз атом электр станцияларын салу жөнінде маңызды келісімге қол қоямыз. Стратегиялық жобаны жүзеге асыруды жеделдету үшін оның шарттары мен техникалық құрылымдарын ұзақ уақыт бойы сарапшылар деңгейінде талқылап келеміз", - деді Мирзиёев.

Еске салайық, 2018 жылы қыркүйекте Өзбекстан Ресеймен атом электр станциясының құрылысы туралы әріптестік туралы келісімге қол қойған. Еш ескертусіз қабылданған шешім Өзбекстанға көршілес орналасқан мемлекеттердің алаңдаушылығын тудырған болатын.

Деректерге сүйенсек, АЭС Өзбекстан-Қазақстан шекарасынан 40 километр жерде орналасқан Жизақ облысы Тұзқан көлінің маңында салынады деген жоспар бар. Бұл - Айдар-Арнасай көлдер жүйесінің бөлігі. Мұнда стратегиялық маңызды нысан Шардара су қоймасы орын тепкен. Сонымен қатар зауыт үш миллион халықты қамтыған Өзбекстан астанасы Ташкенттен небәрі 140 км қашықта бой көрсетпек.

Сондықтан жоба Орталық Азиядағы экологиялық тепе-теңдік пен инвестициялық ахуалға қауіп төндіріп, аймақтық қауіпсіздік шиеліністерін одан әрі ушықтыруы мүмкін. Қала берді Өзбекстанның Ресейге стратегиялық тұрғыдан тәуелді болу көрсеткіші де артпақ.

Ал сарапшылар мұнда магнитудасы 6,0-6,5-ке дейін, тіпті одан да жоғары жер сілкінісі болады деп дабыл қағуда. Расымен де, Өзбекстанның бірнеше қаласында сейсмикалық белсенділік жоғары. Соның ішінде зауытқа жақын жерде орналасқан Жизақ елді-мекені жер сілкінісіне сезімтал аймақ екенін атап өткен жөн. Рихтер шкаласы бойынша бұл жерде 9 баллдық апат болуы мүмкін.


Рекомендовать
Последние новости