18 тамызда дүйсенбіде америкаkық әріптесі Дональд Трамппен кездеспек Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа ұшып келгенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол Telegram-дағы арнасында жазды.
"Вашингтонға келіп алдым. Ертең президент Трамппен кездесуім болады. Ертең еуропалық көшбасшылармен де сөйлесетін боламыз. АҚШ президентіне шақыртуы үшін алғыс білдіремін", - деп жазды Зеленский.
Ол Украина ұзақмерзімді ымыраны талап етуге ниетті екенін де жеткізді.
"Біздің Америкамен, еуропалық достарымызбен ортақ күшіміз Ресейді нағыз бейбітшілікке мәжбүрлей алады деп үміттенемін", – деді Зеленский бұл ретте.
Сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленский Ресейде, Беларуссияда және Қытайда жасанды интеллекті қондырылған дрон жасаушы кәсіпорындарға қарсы санкциялар енгізгені белгілі болды.
Жарлық мәтіні Украина президентінің ресми сайтында орналастырылған.
Құжатта 39 жеке тұлғаға және 55 компанияға (43 ресейлік, 10 қытайлық, екі беларусьтік) шектеулер қолданылғаны айтылған. Ресей Федерациясының ондаған қорғаныс кәсіпорындары, осы елдің әскери-өнеркәсіптік кешенімен ынтымақтастықта жұмыс істейтін компания басшылары мен шетелдік фирмалар жаңа санкцияларға ұшырады. Санкция активтерді бұғаттауды, сауда операцияларына тыйым салуды және технологияларға қол жеткізуді шектеуді көздейді.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский 2025 жылдың 18 тамызында Вашингтонға баратыны, онда АҚШ басшысы Дональд Трамппен кездесу өткізетіні жарияланған болатын. Сондай-ақ Трамп Вашингтондағы Зеленскиймен кездесуі ойдағыдай өтсе, онда 22 тамызда үшжақты кездесу (АҚШ, Ресей, Украина) өткізуі мүмкін екенін айтқан. Қазақстан Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуін Украина бойынша ең жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы ретінде құптайды.