Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания басшылары АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуінен кейін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейте түсіп, Украинаны ары қарай да қолдайтынын мәлімдеді.
Еуропалық одақ санкцияларды күшейтуге мүдделі
Олар Киевке қару-жарақ жеткізудегі кез-келген шектеулерді тыюға ниетті екендіктерін және Ресей Украинаның ЕО мен НАТО-ға кіруіне тосқауыл болмауы керектігін атап өтті. Украина "қауіпсіздіктің сенімді кепіліне" ие болуы керек, ал оның Қарулы Күштері "ешқандай шектеулерге ұшырамауы тиіс".
Сондай-ақ, Украина Ресеймен қақтығысты реттеу аясында өз территориясына қатысты шешімді өзі қабылдауы керектігі де баса айтылады.
Трамп бейбіт келісімінен үмітті
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social-дағы парақшасында Аляскада Владимир Путинмен өткен кездесу, сондай-ақ Владимир Зеленскиймен және еуропалық елдердің көшбасшылармен болған әңгімеден кейінгі өз ойымен бөлісіп, желідегі парақшасында жазба жариялады.
"Аляскадағы керемет және өте сәтті күн! Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу де, сондай-ақ Украина президенті Зеленскиймен және әртүрлі еуропалық елдер көшбасшылармен, соның ішінде НАТО-ның құрметті Бас хатшысымен болған кешқұрым уақыттағы телефон арқылы әңгімеміз де өте жақсы өтті", - деп жазды АҚШ президенті.
Ақ үйдің басшысы барлық тарап бейбіт келісімге келу керек деген бір пікірге келгенін атап өтті.
"Барлығы Ресей мен Украина арасындағы жантүршігерлік соғысты тоқтатудың ең ұтымды тәсілі, көбінесе орындала бермейтін атысты доғару туралы келісім емес, соғысты тоқтататын тікелей бейбіт келісімін жасау деп келісті", - деп атап өтті Трамп.
Сондай-ақ, ол Владимир Зеленскийдің 18 тамызда Вашингтонға келетінін айтты.
"Егер бәрі ойдағыдай өтсе, біз президент Путинмен кездесуімізді жоспарлаймыз. Бұл миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осы мәселеге назар аударғандарыңыз үшін рақмет!", деп жазды Дональд Трамп.
Зеленский келіссөздердің барлық кезеңдерінде еуропалық әріптестерінің болуына мүдделі
Украина президенті Владимир Зеленский де 2025 жылдың 18 тамызында Вашингтоға баратынын растады.
Бұл туралы Украина басшысы АҚШ президентімен сөйлескеннен кейін Telegram арнасында мәлімдеді. Ол Ресеймен арадағы атысты доғару жайын талқылауды жоспарлап отырғанын да атап өтті.
Зеленский Трамппен алдымен жекелей, содан кейін Еуропалық көшбасшылардың қатысуымен сөйлескенін жеткізді. Әңгіме 1,5 сағаттан астам уақытқа созылды. Трамп Зеленскийге Ресей президенті Владимир Путинмен Аляскадағы кездесуі және арадағы әңгіменің негізгі бөліктері туралы хабарлаған.
"Украина бейбітшілік үшін барынша өнімді жұмыс істеуге дайын екенін тағы да растайды", - деп атап өтті Зеленский өз жазбасында.
Сондай-ақ ол Трамптың Украина, АҚШ және Ресей Федерациясы басшыларының үшжақты саммитін өткізу туралы ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді. Ол келіссөздердің барлық кезеңдерінде еуропалық әріптестердің болуының маңызды екенін де атап өтті.
Бұған дейін Трамп пен Путиннің Аляскадағы келіссөздерінің қорытындысы жарияланғанын жазғанбыз. Сондай-ақ бұл кездесуге қатысты саясаттанушылар қандай ойда екенін де жеткізген едік. Қазақстан Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуін Украина бойынша ең жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы ретінде құптайды.