Өңірлердің экономикалық тұрғыдан өсу жолдарын іздестіруі және инвестиция тартуы дәл қазіргі таңда басым бағыттардың қатарынан түспек емес. Мұндай шаруаларда Қарағанды облысының белсенділік танытуы – заңдылық. Өйткені, болат диірмендері, ферроқорытпалар, арнайы кокс, дайын бетон және тау-кен кәсіпорындарына арналған бұйымдар – осының барлығын облыстың моноқалаларында өндіру жоспарлануда. Бұл салалардың ілгерілеуі жергілікті әкімдіктің отырыстарында жиі талқыланды, пысықталады.
Жалпы, елімізде 20 моноқала бар болса, солардың төртеуі Қарағанды облысында орналасқан. Олар – Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай. Саран да осы қатарда болатын, алайда шығып қалды. Себебі, Саран - индустриалды аймақ. 2021 жылы бұрынғы резеңке бұйымдарын шығаратын зауыт базасында құрылған индустриалды аймақ тез арада қаланың дамуы мен экономикасын әртараптандырудың өсу нүктесіне айналды. Бұл нені білдіреді? Жаңа кәсіпорындардың ірге қалағанын көрсетеді, демек, жұмыс орындары пайда болды.
Саран қаласында қазір автобустар, тұрмыстық техника, автокөлік дөңгелектерін шығарады. Сонымен қатар металлургия саласындағы басқа да жобалар жоспарлануда. Қаланың екінші тынысы ашылды: қараусыз қалған көпқабатты үйлер қалпына келтіріліп, инфрақұрылым қарқынды жүріп жатыр. Өнеркәсіпті айтатын болсақ, өнімнің 95 пайызға жуығы өңдеуші сектордан келеді.
Экономиканы терең әртараптандыру монотәуелділіктен арылуға мүмкіндік берді. Үкімет отырысында еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің «Саран» индустриялық аймағын мысалға келтіруі тегін емес. Ол басқа моноқалаларда осындай алаңдарды құруды тапсырғаны есімізден шыға қойған жоқ, бұл кейінірек жастар мен кәсіпкерлер үшін тартымды бола түседі. Сондай-ақ бұл халықтың табысын арттыруға және жұмыспен қамтуды жеделдетуге септігін тигізеді. Сол себептен де инвесторларды моноқалаларға тарта түсу керек. Мысалы, Теміртауда дәл бағытта жұмыс жүргізу үстінде.
«Біз «Инвесторға арналған нұсқаулық» картасын әзірледік. Онда қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен келешегі бар өсу нүктелері көрсетілген. Қандай салалар инвестиция құюға тартымды? Мәселен, нан және нан өнімдерін өндіру, жол бойындағы қызмет көрсету (қолайлы көліктік логистиканы ескере отырып), жемістер мен көкөністерді, ауыл шаруашылығы жануарларының терісін, қайта өңдеуге жарамды өнімдерді өңдеу. Сондай-ақ баламалы энергия көздері, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы (соның ішінде тұрғын үй құрылысы) бар. Айтпақшы, жоспарланған инвестициялық жобалардың бірі – құрылыс қалдықтарын өңдейтін зауыт. Бұл бүгінде қаламыз үшін өзекті шаруаға айналып үлгерді. Біз кәсіпорынды 2025-2026 жылдар аралығында іске қосуды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде жер беріліп, бастапқы жұмыстар қолға алынды. Инвестициялар 200 миллион теңгені құрауы тиіс. 25 адам жұмысқа орналасады», - деді Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.
Ал биыл металлургтер қаласында екі жоба жүзеге асырылуда. «ОКС Қазақстан» ЖШС тау-кен өнеркәсібіне арналған өнімдерді (полимерлі ампулалар), «КазМетКокс» ЖШС «Дирексил» коксын өндіретін болады. Айта кетерлігі, екінші кәсіпорын үш кезеңде іске қосылады. 2024 жылы алты кокс пеші жұмыс істей бастайды. Мұндай пештердің жалпы саны 18 болуы керек.
Теміртау қаласы әкімінің айтуынша, инвестицияның барлығы жеке кәсіпкерлерден тартылады. Шығарылым бағасы – 2,5 млрд теңге (екі жоба). 45 теміртаулық жұмыспен қамтылады.
2025-2026 жылдары бұл құрылыс қалдықтарын өңдейтін зауыттан бөлек тағы үш кәсіпорын пайда болады. Олардың бірі («TekhRaboty KZ» ЖШС) кен қазбаларына арналған арматуралық якорь бекіткіштерін шығара бастайды. «Бетон Сервис KZ» ЖШС дайын бетон дайындайтын болады. Ал «Азия-Хайер» ЖШС-ның қайта жаңартылған нысаны негізінде қаржыландыру шартымен шағын индустриялық аймақты дамыту жоспарланып отыр. Төрт инвестициялық жобаның барлығы 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржыны қажет етеді, яғни 85 жұмыс орны ашылады.
«Сонымен қатар, бүгінде біз инвесторларға қалада жаңа өндіріс орындарын орналастырудың бірнеше ықтимал нұсқаларын ұсынуға дайынбыз. Біріншіден, бұл шығыс және батыс индустриялық аймақтардағы бос тұрған үй-жайлар. Ол жерде темір жол төсеніштері бар, газ, су, жарық жүйелеріне қосуға болады.
Екіншіден, батыс индустриялық аймақта 15 гектардан астам бос жер телімі анықталды. Мұнда газ қосылымын да, теміржол тұйығын да ұйымдастыруға болады. Ал республикалық тас жол бір-ақ жерде», - дейді О.Тәуірбеков.
Экономиканы әртараптандыру– басты және басым бағыттардың қатарында дедік. Бүгінгі таңда мұндағы ірі қала құраушы кәсіпорынның айналасында шағын және орта кәсіпорындар белдеуі (200-ден астам) қалыптасқан, оның 50-ден астамы – Теміртауда. Олар зауыт үшін сұранысқа ие қызмет түрлері бойынша орынды алады. Бұл логистика, металл өңдеу, әртүрлі қызмет түрлері, көлік саласы болуы мүмкін. Демек, металлургтер қаласында шағын және орта бизнес саны белсенді түрде артып келеді. Өткен жылдың өзінде ол 10 пайызға өсіп үлгерген. Себебі, кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға сүйенеді, содан соң аяқтан тұрулары да тез-ақ.
2023 жылы мұндай мемлекеттік қолдау шараларын 150-ден астам кәсіпкер пайдаланды. Өткен жылы 20 адам ұтып алған қала әкімінің гранттары да айтарлықтай көмектесіп жатыр. Ал 2024 жылы мұндай гранттар отыз теміртаулыққа беріледі деп жоспарлануда (жалпы сомасы – 60 миллион теңге).
Қарағанды облысындағы төрт моноқалада 312 мың адам тұрады. Жергілікті билік осы қалалардың тұрғындарының сапалы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауға күш салып жатыр. Сондықтан инфрақұрылым мен көлікпен қамтамасыз ету, экологиялық ахуалды жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту шаралары қабылдануда. Бұл елді мекендер облыстағы барлық өңдеу өнеркәсібінің 57 пайызын және инвестицияның 22 пайызын қамтамасыз етеді.
«Экономиканы одан әрі әртараптандыру мақсатында моноқалаларды қолдау екі стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі - Қарағанды агломерациясының құрамындағы елді мекендерді дамытуды қамтиды: орталығы Қарағанды қаласында орналасқан Теміртау, Абай, Шахтинск, бұларда қала құрушы кәсіпорын «Қармет» АҚ құрылымдық бөлімшелері жұмыс істейді. Барлық өңірлер көліктік қолжетімділікке ие, бір-бірімен тығыз байланыста және халықтың облыс орталығына күнделікті көші-қонын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бірыңғай еңбек нарығы бар, өндірістік және әлеуметтік-мәдени функционалдық байланыстар жолға қойылған. Қарағанды агломерациясының құрамындағы моноқалаларда қала құраушы кәсіпорындармен серіктестікте экономика құрылымын әртараптандыру құралдары қолданылады», - деп түсіндірді әкімдіктің экономика бөлімінің басшысы Татьяна Аблаева.
Ал Балқаш болса, бекітілген кешенді жоспарды ескере отырып дамитын болады. Оның туризм саласындағы әлеуеті де маңызды рөл атқарады. Онда жүйе құраушы кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдық бөлімшелері болып саналады. Қала аумағында жаңа өсу қорларын қалыптастыру үшін Кеңқұдық учаскесінде сирек кездесетін металдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және олардың қала құраушы зауыттармен өзара іс-қимылы туралы айтатын болсақ, мынаны атап өткен жөн: 874 шағын және орта бизнес құрылыс, қоғамдық тамақтандыру, логистика және басқа да салалардағы ірі компаниялардың өндірістік және тұтынушылық қажеттіліктері үшін жұмыс істейді. 41 кәсіпорын оқшауланып, 7,1 мың адам жұмыспен қамтылған «Қармет» АҚ және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бөлімшелерімен 85 миллиард теңгеге келісім-шарттар жасалды. Осы компаниялар мен Қарағанды облысының әкімдігі арасында жасалған меморандумдар аясында өткен жылы 90 жергілікті тауар өндірушіге тапсырыс берілген. Бұл келісімдердің барлығы ел ішіндегі құндылықты дамытудағы ынтымақтастыққа бағытталған.
Биыл осындай меморандумға «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-мен қол қойылған болатын. Осы арқылы өңірдегі 23 кәсіпорынды тапсырыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазіргі уақытта «Qarmet» АҚ-мен келісім-шарт жасау мәселесі пысықталып жатыр, жергілікті компаниялардың тізімі анықталуда. «Моноқалаларда 857 жұмыс орнын құруды қамтитын, 56,5 миллиард теңгені құрайтын 7 «зәкір» жобасы жүзеге асырылуда. Теміртауда құны 14,4 миллиард теңгені құрайтын осындай үш жоба тұрақты жұмыс істеп, 293 адам жұмыспен қамтылған. Балқашта катодты мыс өндірісі іске қосылды. 2024-2025 жылдары Advance Mining Technology әдісі бойынша «SX - EW» мыс үйіндісін шаймалайтын металлургиялық зауыт салу жоспарлануда (құны – 30,5 миллиард теңге, 185 тұрғын жұмысқа орналасады). Шахтинск қаласында («Қазстроймарт-2050» ЖШС) брусчатка, құрылыс материалдары және инертті шаң шығарылады», - деп мәлімдеді Т.Аблаева.
Әрине, экономиканы әртараптандыруды бизнесті дамытусыз елестету мүмкін емес. Бұл мәселеге қай кезде де ерекше назар аударылады. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдаудың Бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында (осы жылы жұмыс істей бастады) моноқалалар үшін несиелер бойынша субсидияланған сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызбен қарастырылған. Кәсіпкерлер 19 жаңа жобаға несие алып үлгерді.
Сондай-ақ, Қарағанды облысының (соның ішінде моноқалалар да бар) кәсіпкерлері үшін 2023 жылдан бастап өңірлік «Кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 7 пайызбен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Өткен жылы моноқаланың үш жобасы қамтылып, несие сомасы 175,5 миллион теңгені құрады. Жаңа өндіріс орындарын іске қосу және жұмыс орындарын құру - монотәуелділіктен арылуға мүмкіндік беретін өзара байланысты екі негізгі құрал.
«Моноқалаларды кешенді және сараланған түрде дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартумен қатар, инвестиция тартуға жағдай жасау қажет. Өсу жолдарын қарастыра беруіміз керек. Теміртауға келетін болсақ, ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірінің орналасуы мен ыңғайлы көлік логистикасы инвестиция мен білікті мамандарды тартуға мүмкіндік қалыптастырып, шағын және орта бизнесті ілгерілетудің артықшылығына айналды. Жалпы, қазірдің өзінде бар импортты алмастыратын өндірістерді де ұмытпау керек. Оларға да толыққанды ынтымақтастықты қамтамасыз ете береміз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру – күн тәртібінен түспек емес», - деп түйіндеді сөзін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. –
Жалпы, Қазақстан 2029 жылға қарай негізгі капиталға инвестицияның үлесін 23 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл орайда, Ұлттық экономика министрлігі «Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын» ұсынды. Осы стратегия аясында 241,6 триллион теңге инвестиция тарту және корпоративтік секторды банктік несиелеуді 2022 жылғы деңгейден 161 пайызға арттыру жоспарланған.
Тағайта кетерлігі, инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру жүйесінің тиімділігін арттыру үшін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады. Ол инвестицияларды тарту үдерісін цифрландыруды қамтамасыз етуі және инвестициялық жобалар мен ұсыныстардың, сондай-ақ инвесторларды, мемлекеттік органдарды және квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоса алғанда, инвестициялық процестің барлық қатысушыларын біріктіретін болады. Платформаның операторы мемлекеттік органдарға да, жеке инвесторларға да жүйеге қолжетімділікті қамтамасыз ететін инвестиция тарту жөніндегі ұлттық компания болады.