ХВҚ мен Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы туралы: Шұғыл реформалар жүргізу керек

Кәмшат Тілеухан 14 ақп. 2025 10:37 1461

2025 жылдың қаңтарында Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстанға қатысты есептерін жариялады. Halyk Finance осы есептерге шолу жасай отырып, оған қатысты өз болжамдарымен де бөлісті, деп жазады Dalanews.kz.

Тұтастай алғанда, екі ұйым да 2024 жылы экономикамыздың өсіміне қатысты оң баға беріп, монетарлық саясаттың тиімділігі мен банк секторының тұрақтылығын ерекше атап өтеді. 2025 жылы инфляция баяу төмендеп, бюджет тапшылығы мәселесі де сақтала отырып, экономикалық өсімнің қысқа мерзімді жеделдеуі болжанады. Сонымен қатар, геосаясаттан туындайтын дүдамал көңіл-күй, экономикалық диверсиффикацияның шектеулі болуы және құрылымдық проблемалар  тұрақты даму жолында белгілі бір тәуекелдерді тудырады. Сондықтан жеделдетілген құрылымдық реформалар болашақ экономикалық өсім үшін шешуші маңызға ие.

Макроэкономикалық тұрақтылық

2024 жылы 18 қыркүйек пен 1қазан аралығындағы Қазақстанға қатысты қорытынды есепте ХВҚ 2024 жылы жоғары экономикалық белсенділікті атап өтті:ЖІӨ өсімі 2024 жылы 4,0%-ды құрап, 2025жылы 5,0%-ға дейін өсуі мүмкін, соның ішінде фискалдық ынталандыру экспанциясы және мұнай өндірісінің ұлғаюы есебінен. Ортамерзімді перспективада ХВҚ қажетті реформалар болмаған жағдайда өсімді3,0-3,5% деңгейінде бағалайды.

Дүниежүзілікбанктің "Қазақстан экономикасы туралы баяндамасында" ұсынған бағалауларына сәйкес, 2024 жылы экономикалық өсім 4,0% деңгейінде болса, 2025 жылы мұнай өндірісінің артуы және салықтық-бюджеттік ынталандыру бұл көрсеткішті 4,7%-ға дейін уақытша арттыру болжанады. 2025 жылдан кейін ДБ,сондай–ақ ХВҚ, өнімділіктің төмендігі және инвестициялардың қысқаруы салдарынан өсім қарқыны 3,0-3,5%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Бұл ретте халықаралық қаржылық институттар экономиканы диверсиффикациялау және экономикалық өсімнің жаңа көздерін дамыту қажеттілігіне тағы да назар аударады.

Жыл қорытындысы бойынша нақты өсім 4,8% -ды құрады,бұл бір жыл ішінде сауда-саттықтың  9,1%  және өңдеуші өнеркәсіптің 5,9% серпінді өсімімен байланысты болды. Халықаралық ұйымдар болжамы мен нақты жағдайдағы көрсеткіштер арасындағы айырма экономикалық өсімнің алғашқы жартыжылдықта баяу болуымен түсіндіріледі. Негізгі өсім сауданың күрт артуы байқалған жылдың екінші жартысында болды.Сол кезде біз өз зерттеулерімізде бұл өсімді тұрақты және сапалы деп айту қиын екенін атап өткен едік, өйткені сауда өсімін жеделдетуші факторлардың бірі импорттың, инвестициялардың және халықтың нақты кірістерінің төмендеуі аясында орын алған мемлекеттік шығыстардың 13,3%-ға ұлғаюы болды.

Біздің 2025 жылғы экономикалық өсім бойынша болжамымыз ХВҚ мен ДБ-мен салыстырғанда оптимистік сипатқа ие және 5,3% құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, мұнай өндірісі көлемі 2024 жылғы 87 млн тоннадан 2025 жылы 96-99 млн тоннаға дейін артып, экономикалық өсімге айтарлықтай қолдау көрсетеді.

Монетарлық саясат

ХВҚ есебінде ақша айырбас бағамының икемділігі,сондай-ақ ҚР Ұлттық Банкінің  базалық мөлшерлемені төмендету тұрғысындағы дәйекті тәсілі аясында ақша-кредит саясатының тиімділігі атап көрсетілген, бұл 2024 жыл ішінде бағалардың тұрақтануына әкеледі. Соған қарамастан ішкі сұраныс (соның ішінде жұмсақ фискалдық саясат) және ішінара коммуналдық қызметтер мен электр энергиясы бойынша тарифтер өсіміне байланысты азық-түлікке жатпайтын инфляцияның жоғарылауынан бағаға жасалатын қысым сақталады.Нәтижесінде,ХВҚ бағамы бойынша инфляция мақсатты көрсеткіші 5%-ға тек 2028 жылға қарай жетеді.

Осындай жағдайларда ХВҚ монетарлық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк қызметінің институционалдық негіздерін нығайтуды және баға тұрақтылығы жөніндегі мандатын күшейту мақсатында Ұлттық банктің құқықтық базасын жетілдіруді ұсынады.

ХВҚ осы саладағы басымдықтарға, бұған дейін біз атап өткендей, Ұлттық банк тәуелсіздігін арттыру, фискалдық шоғырландыруды жатқызады.   

Сондай-ақ ХВҚ есебінде инфляцияны нысаналы көрсеткішке жақындағанға және инфляциялық күтулерді қалпына келтіргенге дейін қатаң ақша-кредит саясатын жүргізудің;  жүйелік өтімділікті басқару жөніндегі Ұлттық банктің құралдары мен операцияларын жетілдірудің маңыздылығы атап көрсетілген; тыныштық болғанда валюта нарығына араласпау,өйткені бұл Ұлттық банктің ұстанатын валюта бағамының икемділігі мен инфляцияны таргеттеу шарасына деген сенімге селкеу түсіруі мүмкін.

ДБ инфляция 8,6%-ға дейін төмендегеніне қарамастан,оның мақсатты деңгей - 5%-дан жоғары болып отырғанына назар аудартады.  ДБ болжамдары бойынша инфляция 2025 жылы 7,5–8,0%-ға дейін және 2026 жылы 6,0%-ға дейін төмендейді, яғни 5% мақсатты деңгей игерілмейді. Инфляцияның нысаналы деңгейіне қол жеткізу мәселесі әлі де өзекті,өйткені теңге бағамындағы құбылмалылық және фискалдық экспанция орта мерзімді перспективада бағаны тұрақтандыруға кедергі келтіре отырып, инфляциялық қысымды қолдайды.

Біздің  бағалауымызша, инфляцияның төмендеуіне жоғары базалық мөлшерлеме және жаһандық инфляцияның баяулауы қолдау көрсетеді.Алайда, бюджеттік тәртіптің осалдығы, Ұлттық қордан тартылатын трансферттердің жоғары деңгейі, теңге бағамындағы құбылмалылық,сондай-ақ сыртқы тәуекелдер бағаның тұрақтылығына қысым көрсетуі мүмкін. Біз жақында қабылданған жанар-жағармай бағасын ырықтандыру шешіміне, коммуналдық тарифтердің одан әрі өсіміне, мұнай бағасына, тиісінше валюта бағамына қатысты дүдамалдылыққа байланысты инфляция бойынша болжамды 9,0%-ға дейін көтеру тұрғысында қайта қарадық.

Жыл ішіндегі инфляцияның мәні жоғарыда көрсетілген инфляцияалды тәуекелдердің тууы-тумауына байланысты айқындалады.  Сондай-ақ біз базалық мөлшерлеме бойынша да бюджет шығыстарының артуы, дезинфляция қарқынының баяулауы, перспективадағы елеулі тәуекелдерді ескере отырып, алдағы кезеңде аса сақтықпен қарау қажеттігі туралы тезисті қолдаймыз. Ал ақша бағамы тұрғысынан біз ХВҚ-ның өзгермелі курстың маңыздылығы және оны жалғастыру қажеттігі туралы айтқандарымен келісеміз.

Сонымен қатар, біз қатаң контрциклдік бюджеттік ережелер енгізілгеннен кейін "көнуге келетін өзгермелі курсты" енгізу мүмкіндігі туралы пікірімізбен алдындағы зерттеуімізде де бөліскенбіз.

Фискалдық саясат

ХВҚ бюджеттік тәртіп пен оны жоспарлау бөлігіндегі олқылықтарға, жалғасып жатқан циклдік фискалдық саясатқа назар аударады,осыған байланысты соңғы жылдары Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділіктің артуы байқалады.

Сонымен қатар Дүниежүзілік банк бюджеттік кірістердің тұрақты жетіспеушілігін, Ұлттық қорға шамадан тыс тәуелділікті атай келе, бұл бюджеттік ережелердің сенімділігіне нұқсан келтіреді және елдің ұзақ мерзімді фискалдық саясатының тұрақтылығына қауіп төндіреді деп санайды. Біз де ХВҚ мен ДБ-ның салық-бюджет саласындағы түзету шараларының қажеттілігі туралы ұстанымын толық қолдай отырып, салық-бюджет саясаты бойынша жеке материал әзірлеп жатырмыз.

Несиелік белсенділік

ХВҚ банк секторының тұрақтылығы және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін тәуекелдерді тежеуші факторларды атап өтеді. Дегенмен, тұтынушылық несиелеудің қарқынмен өсуі үй шаруашылығы секторындағы ықтимал осалдықтарды және осы сегменттегі тәуекелдерді болдырмау үшін макропруденциалды саясаттың маңыздылығын айқындайды.

Сонымен қатар ДБ несиелік белсенділік үй шаруашылығындағыларды несиелендіруге бағытталғанын, ал бизнесті несиелеу шектеулі екенін атап көрсетеді. Біз бұл мәселеде халықаралық ұйымдармен келісеміз, сондай-ақ банктердің бизнесті кредиттеу деңгейінің төмендігі экономикалық өсімге теріс әсер ететін жеткіземіз. Қазақстанда бизнесті несиелендірудің негізгі проблемаларын біз жеке материалда бұған дейін атап өткенбіз.

Халықаралық интеграция

ХВҚ пікірінше,Қазақстанның өңірлік және халықаралық интеграциясын дамыту экономиканы әртараптандыруға және елдің сыртқы күйзелістерге ұшырау деңгейін азайтуға жәрдемдесетін болады.Ол үшін әдетте,тиімсіз және нарықты бұрмалаушы болып келетін сыртқы шектеулер мен протекционистік шаралар алынып тасталуы керек. Оның орнына мақсатты әлеуметтік шығындар,ауылшаруашылығын модернизациялау,білім беру және жұмыс күшінің біліктілігін арттыруды ынталандыру арқылы әлеуметтік осал топты қорғауға барынша назар аударылуы керек. Біз ХВҚ-ның ел экономикасының көлемін ескере отырып, протекционизмнен бас тарту және халықтың әлеуметтік осал топтарына арнайы атаулы көмекту әзірлеу туралы тезисін қолдаймыз. Әлеуметтік сақтандыру секторын дамыту жоғарыда баяндалған факторлар: мемлекеттік бюджет тапшылығы, салықтардың жетіспеушілігі және Ұлттыққордан көп ақша алу аясында аса өзекті болып отыр.

Құрылымдық реформаларды жүргізу

ХВҚ өз есебінде құрылымдық реформалардың жүзеге асырылу сапасы нашар екенін атап көрсетеді. Бұл ретте Үкіметтің араласуы соңғы уақытта ұлғаю үрдісіне ие болды (мысалы, субсидиялау бағдарламалары және сыртқы шектеулер). ҚР Президентінің экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралары туралы Жарлығында баяндалған мемлекеттің рөлін қысқарту, іскерлік ортаны жақсарту және ішкі бәсекелестікті арттыру жөніндегі шараларды мемлекеттік органдар баяу іске асырады және жеткіліксіз жариялайды. ХВҚ өзінің жылдар бойғы есептерінде мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендетудің, бюджеттік тәртіпті күшейтудің, ақша-несие және әлеуметтік саясат реформаларының маңыздылығы туралы айтып келеді.  

Дүниежүзілік банк шикізат ресурстарын тасымалдаушылар үшін баға төмендейтінін болжайды, Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдері арасындағы өсім перспективалары да оптимизмге толы емес. Мұндай жағдайларда ДБ реформаларды жүргізу, оның ішінде экономиканы әртараптандыру, фискалдық саясатты жетілдіру, экономикалық өсімнің ынталандырушы жаңа дүниені әзірлеу жөніндегі шараларды іске асыру қажеттігін атап көрсетеді. Біз "Қазақстанда қандай реформалар қажет" деген өз есебімізде де экономикалық әртараптандыруды, тұрақтылық пен өсімді ілгерілетуге елеулі үлес қоса алатын құрылымдық реформаларды жүргізудің маңыздылығы туралы бірнеше рет айтқанбыз, бұл ретте неғұрлым батыл қадамдар қажет. Мемлекеттік нарықтарға қатысын қысқарту, мемлекеттік басқаруды нығайту, қаржы жүйесін дамыту, монетарлық, фискалдық және әлеуметтік саясатты жетілдіру басты басымдықтарға жатады.

Halyk Finance Аналитикалық орталығының сарапшысы Салтанат Игенбекова


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар