Мәжілісте осындай өзгерту енгізілген мәдениет саласына қатысты заң жобасы мақұлданды.
Әлем-жәлем боянып, таспаға басып қойған жазбамен ән айтатын әншілерді сынап бір жөнге салатын заңның қажеттігі туралы айтылғаны қай заман?
Мәжілісмендер мақұлдаған заңға сәйкес, енді кез келген концерт ұйымдастырылмай тұрып, фонограмманың қолданылатыны немесе жанды дауыста орындалатыны алдын ала хабарлануы тиіс.
– Бұл ұйымдастырушы мен орындаушының арасындағы келісімшарт бойынша реттеледі. Егер бұл келісімшартта осы талаптар бұзылатын болса, онда әкімшілік жауапкершілік тартылады, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Төреғали сияқты көрерменге зеку де енді заңмен қудаланады. Өйткені әртістердің сахналық мәдениеті де заңмен бекітілген. Көрерменді сыйлауға, әдеп талаптарын сақтауға, ашық-шашық киінбеуге бәрі міндеттеледі.
Бұл шарт шетелдік эстрада жұлдыздарына да қатысты. Осылайша шенеуніктер өнер саласын електен өткізіп, өтірік өнерпаз бен шынайы дарынның ара-жігін заң жүзінде ажыратып алмақ.
– Меніңше, нағыз өнер – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашанда, ешқандай фонограмма бола алмайды. Сол үшін шығар, біздің халқымыз айтысты ерекше жақсы көреді. «Қисық арба жол бұзады» демекші, өнер әрқашан да таза болуы керек, – деп Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин ойын ортаға салды.
Алайда сахна жұлдыздары: «Эстрада мен дәстүрлі өнерді салыстыру – қисынсыз» деп отыр. Себебі, классикалық өнер мен эстраданың мектебі басқа.
– Жасыратын несі бар? Жанды дауыс деп сұраған жерде жанды дауыспен шығамыз. «Ойбай, Айгүл, аппарат қирап тұр» деген жерде фонограммамен шығуымызға тура келеді. Өйткені ол кезде заң қабылданған жоқ болатын. Ал заң болғаннан кейін, қандай болғанда да жанды дауыста шығуға тура келеді. Бірақ оған техника сай болып жатса, қанеки, – депті әнші Айгүл Иманбаева.
Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан сияқты елдерде фонограммаға түбегейлі тыйым салынған. Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, әзірге ондай талапты енгізу біздің ел үшін әлі ерте.
Концерттердің жанды немесе жазылған дауыста болатыны жайлы ақпараттандыру өнердегі тазалыққа ұмтылған алғашқы қадам болып тұр. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сәйкес, енді әр өңірде көркемдік кеңес құрылады.
Себебі, бүгінде барлық облыстың мәдени ахуалын жалғыз республикалық көркемдік кеңес қадағалауы мүмкін емес. Заң қабылданса міндеті біршама жеңілдемек. Ол жағы және жалпы мәдениетке қатысты жаңа заңның бекітіліп, күшіне енуі сенаторлардың ширақтығына тікелей байланысты.