«Бюрократтық мінезіміз кінәлі». Депутат күйінішін жасырмай айтты.

Dalanews 17 қыр. 2020 05:49 832

«Әнұранды неге жиі айтпаймыз?» Мәжілісмен Қуаныш Сұлтанов Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға осылай шүйлікті, – деп хабарлайды КТК арнасы. Депутаттың айтуынша, әнұранымыз мектеп пен салтанатты жиындардың аясында қалып қойған.

Сұлтанов әнұранның орындалу аясын кеңейту үшін композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын көптеп тарату керек екенін алға тартып, бұл бағыттағы жұмыстардың ақсап жатқанын министрлік үшін сын екенін ескертті.

Оның айтуынша, еліміздің әрбір азаматы күн сайын Әнұранды айтып, насихаттап, ұлттық ұранмен өмір сүруі керек екен.

Ал Ақтоты Райымқұлова биыл Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы елдегі жағдайға байланысты республика көлемінде тойланбай қалғанын айтып ақталып бақты. Дегенменде композитордың туған жерінде мұражай ашылып, басқа да онлайн шаралар өтіп жатқанын тілге тиек етті.


– Бәріміз, ересек адамдар, салтанатты жиналысымыз ашылғанда жаңағы айтылған граммофонды қосып қоямыз. Қолымызды кейде қарынның үстіне қойып қоя салатынымз да жасырын емес. Осының бәрі неден? Біздің бюрократтық мінезімізден, – деді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар