Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
Соңғы айларда Әсия әжей төсек тартып қалды. 101 жастағы кейуанаға үй ішінде жүріп-тұрудың өзі қиынға соғып барады. Туған елге деген сағыныш та, өзегін өртейді. «Қазақстаннан журналистер келеді» деген хабарды естіген ол таңғы 6-дан тұрып, жерлестерімен кездесуге дайындалыпты. Қыздары 80 жастағы Рона мен 70 жастағы Әмина аналарының ерекше қуанғанын айтады.
«Жандарым менің, келдіңдер ме менің отанымнан? Мен сондай ауырып, сағынып жүр едім. Алыстан келдіңдер ғой. Мен Қазақстанды сағынып жүрмін, жиі жылап аламын», – дейді Әсия Сардарбек.
Өткен жүзжылдықтағы ауыр сынақтар мен зұлмат оқиғалар. Әсия әжей тағдырының тым ауыр болғаны соншалық, одан тіпті трагедиялық жанрдағы кітап жазуға болар еді.
«Жамбыл облысындағы Шу ауылына әскерилер келгенде менің жасым 10-да еді. Тұрғындардың кейбірін бірден атып тастады. Ал басқалардың дүниелері мен малдарын тартып алды. Бізде қанша түйе, ірі қара, қойлар бар, соның барлығын жазып алды. Сосын біздің қолымызға мөр қойды. Ол атып тастау дегенді білдіреді екен. Оны білген соң отбасымызбен бірге қашып кеттік. Мені Хадиша апайым арқасына салып алды. Осылайша ұзақ жолды бастадық», – дейді Әсия Сардарбек.
Содан соң Сардарбек отбасы кішкентай балаларымен бірге таудан асып, Әмудария өзеніне өткен. Талай тосқауылды еңсерген олар бағыттарынан жаңылыспай, Ауғанстанға жетіпті.
Жылдар өткен соң бойжеткен Әсияға Ауғанстан басқарушысының ұлы ғашық болып қалады. Жастайынан тұрмысқа шығып, беделді отбасына келін болып түседі.
«Олар өте жақсы адамдар болды. Маған мүлдем үй жинау, кір жуу, тамақ дайындау сынды тірліктерді істетпейтін. Өзімнің жеке қызметшім болды», – дейді Әсия Сардарбек.
Әсия әжей қайын атасын ерекше құрметпен еске алады. «Келінім туған тілін ұмытпасын» деген оймен қызметшілерді қазақ ұлтынан алдыртыпты. Кейін Әсия Сардарбектің күйеуі Ауғанстанның қорғаныс министрі атанады. Ал 1979 жылы елге Кеңес әскерилері келіп, олар басқа елге қашуға мәжбүр болады. Бұл жолы Әсия әжей Түркияға, Германияға, содан соң АҚШ-қа қоныс аударады. Соңғы 40 жылын осы Вашингтон қаласында өткізген. Кейуананың қыздары биыл Қазақстанға келіп кетіпті.
«Бұл өте тамаша сапар болды. Аз ғана уақыт ішінде Президенттеріңіз біраз тірлікті тиянақтапты. Әдемі үйлер, таңғажайып Астана. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлемімізді жолдап, өзімнің ризашылығымды жеткізгім келеді. Мен анамның туған жерін жақсы көремін. Сіздердің елдеріңізге табыс, мықты денсаулық тілеймі», – дейді Әсия әжейдің қызы Әмина Амири.
Әсия әжей қыздарының Қазақстанға барып қайтқанына қуанышты. 90 жыл бойы туған жерінен жырақта жүрсе де, қазақ тілін ұмытпай, салт-дәстүрін берік сақтап келеді. Ақ жаулықты ананың ендігі арманы – Қазақстанға, тарихи Отанына оралу.