Утилизациялық алымнан босатылатын көлік түрі белгілі болды

Dalanews 25 мам. 2021 08:09 988

2021 жылдың 4 маусымында экология, геология және табиғи ресурстар министрінің электр көліктеріне, электр автобустарына және электр жүк көліктеріне қатысты кәдеге жарату төлемін есептеу үшін нөлдік коэффициентті белгілеуді көздейтін бұйрығы күшіне енеді, деп хабарлайды Dalanews.kz "ӨКМ Операторы" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Енді Қазақстан Республикасының аумағына электр көліктерін, электр автобустарды немесе электр жүк машиналарын әкелу кезінде көлік құралы үшін кәдеге жарату төлемі талап етілмейді.

Бұл бастаманы ӨКМ Операторы 2020 жылы ұсынған болатын. Осы мәселе жан-жақты пысықталып, талқыдан өткеннен кейін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ресми құжатқа 2021 жылдың 13 мамырда қол қойды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін М1 санатындағы электр қозғалтқышы бар автомобиль үшін кәдеге жарату төлемі 437 550 теңгені, М2, М3 санаты үшін 1 166 800 теңгені құраған болатын. Жүк көлік құралдары үшін кәдеге жарату төлемінің мөлшері 1 020 950 теңгеден басталды.

Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының ақпараты бойынша бүгінгі күні елімізде 422 электр көлігі тіркелген.

Экология министрлігі бұл шаралар Қазақстанда электромобиль өндірісін ынталандыруға, сондай-ақ экологиялық таза көлік құралдарын сатып алуға сұранысты арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.


Қазіргі уақытта ӨКМ Операторы электр қуаттау стансаларының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоба шеңберінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан-Бурабай бағытында 103 жылдам электр қуаттау стансаларын орнатуды аяқтады.

...

Осының алдында көлік тіркеу кезінде төленетін утилизациялық алымды алып тастауға петиция жарияланған. Азаттық радиосының мәліметіне сай ол ақша экс-президент Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысы бар жеке компанияға түседі.

Қазіргі таңда қазақстандықтар утилизациялық алымның құнына қарсы петиция жариялап, otinish.kz сайтында қол жинап жатыр.

Авторлары атап өткендей, Қазақстанда 5 жыл бұрын көліктерге утилизациялық алым енгізілген. Оның мөлшері 400 мың теңгеден басталып 6 млн теңгеге дейін жетеді.


Мысалы, қозғалтқыш көлемі 2 мың см³ болатын темір тұлпар үшін 1,4 млн теңге төлеуге тура келеді. Ал Еуропа елдерінде утилизациялық алым біздің ақшамен 25 мың мен 100 мың теңге арасында болады.





"Соның салдарынан елімізде көліктің құны да өсті. Еліміздегі көліктердің көбінің тозуына байланысты атмосфераға шығатын зиянды қалдықтардың көлемі де өсуде. Еуразия экономикалық одағының басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда көлік бағасы өте қымбат",  – дейді петицияны жазғандар.




Олар мемлекет басшысының автоқұрастыру өндірісіне берілетін мемлекеттік көмекті қайта қарастырып, утилизациялық алымның құнын Еуропа елдерімен теңестіруді сұрады.




Екі апта бұрын жарияланған петицияға 40 мыңнан астам отандасымыз қол қойған. Әлі де қолдай білдіруге уақыт бар. Себебі қол жинау екі аптадан соң аяқталады. Атап өту керек, otinish.kz платформасында бұл ең танымал құжат болып саналады.




Еске сала кетсек, otinish.kz платформасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ашылған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар